Еуроодақта жарты миллион бірлік қару ұрланған немесе жоғалған

БРЮССЕЛЬ. 21 қазан. ҚазАқпарат - Еурокомиссия қарулар өндірісіне, оны иеленуге, сақтауға және оны азаматтардың өз бетімен пайдалануына бақылауды күшейту жөнінде ұсныныстар әзірлеп, оны Еуроодақ мүше-мемлекеттері қарауына ұсынбақ.

Бұл туралы Брюссельдегі баспасөз мәслихатында ішкі істер жөніндегі еурокомиссар Сесилия Мальмстрем мәлім етті.

«Апта сайын біз оқ-дәрімен атылатын қаруларды пайдаланып жасалған зомбылықтардың жаңа актілерін естиміз. Соңғы бірнеше жылдыің ішінде мұндай оқиғалар Норвегияда, Бельгияда, Финляндияда, Францияда, Италияда және басқа да еуропалық елдерде болды. Біз қарулардың қылмыскерлердің қолына түспеуі үшін көп нәрсе істеуіміз қажет», - деді С.Мальмстрем.

Еурокомиссияның мәліметтеріне қарағанда, ЕО-да жарты миллионға жуық оқ-дәрімен атылатын қару ұрланған немесе жоғалғандар санатында. Есепке алынбаған қарулар қылмыскерлерге қолайлы жағдай туғызады. Жыл сайын оқ-дәрімен атылатын қаруларды заңсыз қолдану салдарынан Еуроодақ елдерінде 1 мыңнан астам адам қазаға ұшырайды.

Осыған байланысты Еурокомиссия ЕО-ның оқ-дәрімен атылатын қарулар туралы қолданыстағы директивасын азаматтардың мұндай қарулардың әлеуетті түрлерін иеленуіне тыйым салу туралы ережемен толықтыруды, оларды маркалауға, лицензия беруге және интернетте оқ-дәрімен атылатын қаруларды сатуға бақылау талаптарын қатаңдатуды ұсынды. Сонымен бірге, қаруларды қайталама нарықта сатудың жолын кесу жөнінде бақылау шараларын жасау жоспарлануда.