Еуроодақта жасанды интеллекттің ашықтығына қойылатын талаптар күшіне енді

Фото: DW

АСТАНА. KAZINFORM — ЕО-да жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын әзірлеушілер енді өз модельдерінің жұмыс істеу принциптері мен оларды үйрету үшін қолданылған деректер туралы ашық ақпарат беруге міндетті. Қоғам үшін тәуекел көзі болып саналатын ең озық үлгілер қауіпсіздік шараларын құжаттауы тиіс.

Еуропалық Одақта жалпы мақсаттағы жасанды интеллект жүйелеріне қатысты ашықтық талаптары ресми түрде күшіне енді. Бұл талаптар мәтін, сурет немесе код генерациялай алатын ChatGPT, Gemini секілді чат-боттарға да қатысты.

Жаңа ережелердің негізгі талаптары:

  • ЖИ әзірлеушілері өз модельдерінің қалай жұмыс істейтінін,

    сондай-ақ оларды үйрету үшін қолданылған дерек көздерін жариялауы тиіс.

  • Қоғамға тәуекел төндіруі мүмкін деп танылған модельдер қауіпсіздік шаралары бойынша құжаттамалық есеп беруі керек.

  • Бұл шаралар интеллектуалдық меншік пен авторлық құқықтарды қорғау үшін де енгізілді.

Жеке азаматтар да ЖИ-ге қарсы сотқа шағымдана алады

2025 жылдың 2 тамызынан бастап ЕО азаматтары жасанды интеллект құқықтарын бұзса, оған сотқа жүгіну мүмкіндігіне ие болды.

2026 жылдың тамызынан бастап Еуропалық жасанды интеллект жөніндегі бақылау органы (European AI Office) жаңа модельдерді тексере бастайды, ал 2025 жылғы 2 тамызға дейін шыққан модельдер 2027 жылдың тамызынан бастап тексерілмек.

Сарапшылардың болжамы бойынша, бұл ережелерді бұзған жағдайда салынатын айыппұл көлемі 17,1 миллион АҚШ долларына (шамамен 14,75 миллион еуроға) дейін жетуі мүмкін. Бұл сома ЖИ қызметтері нарығының жылдық көлемінің 3%-ын құрайды.

Еуропа жасанды интеллектті қатаң реттей бастады

Жасанды интеллект туралы әлемдегі алғашқы халықаралық заңды Еуропарламент 2024 жылғы 13 наурызда, ал ЕО-ға мүше елдердің бейінді министрлері 21 мамырда мақұлдаған болатын.

Бұл заңның мақсаты — жоғары тәуекелге ие жасанды интеллекттен негізгі құқықтарды, демократияны, заң үстемдігін және экологиялық тұрақтылықты қорғау.

2025 жылдың 2 ақпанында, өтпелі кезең аяқталғаннан кейін, ЕО-да ЖИ қолдану бойынша алғашқы ережелер күшіне енді.

Тыйым салынған әрекеттер:

  • ЕО елдерінде азаматтарға “әлеуметтік рейтинг” жүйесін жасауға ЖИ қолдануға тыйым салынған

    (мұндай жүйе Қытайда бар).

  • Эмоцияны тану технологиясын жұмыс орындарында және оқу орындарында қолдануға болмайды.

  • ЖИ арқылы адамдардың мінез-құлқына әсер ету, олардың осал топтарына әсер ету немесе манипуляция жасау да тыйым салынған.

    Мысалы, қарт адамдарды алдау үшін қолданылатын “робот-қоңыраулар” осы тыйымға жатады.

Камералар арқылы қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін тану жүйесі ЕО аумағында негізінен рұқсат етілмейді.

Бірақ терроризм мен адам саудасы сияқты қылмыстарды тергеу барысында құқық қорғау органдарына бұл технологияны қолдануға ерекше рұқсат берілген.

Айта кетейік, АҚШ пен Қытай жасанды интеллект саласында көшбасшы атанды.

Ал Қазақстанда 1 тамыздан бастап ChatGPT-ге жазылу құны ҚҚС-қа байланысты қымбаттайды.