«Еуроодақты «өкпелетіп» алдық» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 7 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 7 сәуір, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

Бүгінгі таңда егемен еліміздің парасаты биік, белсенділігі жоғары және интеграциялық бастамалары тартымды, көп векторлы сарабдал сыртқы саясатын бүкіл әлем мойындап, құр­меттеп отырғаны белгілі. Осындай толымды табысқа тірнек­теп, нешеме қиындықпен қол жеткізілуі жолында қазақ­стандық дипломатияның әлі де ат үстіндегі көрнекті арда­гері Вячеслав Ғиззатов қосқан үлес қомақты. Қазақстан дип­ло­маттарының кейінгі толқын бірнеше буыны бұл кісіні өз­дерінің ұстазы санайды, тірі аңызға балайды. Олай болса, тәуел­сіздік жылдарында елдің дербес сырт­қы саясатының ая­ғынан тік тұрып, қалып­та­су кезең­дері хақында Вячеслав Хаменұлы айтар ұлағатты әңгімені егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Елшінің еншісі - елдестіру» деген тақырыпқа назар салыңыз.

«Кеше Астанадағы «RIXOS» отелінде Қазақстан Сыртқы істер министрінің төрағалығы­мен Ұжымдық қауіпсіздік ту­ра­лы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Сыртқы істер министрлері Кеңесінің кезекті отырысы өтті», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «Қауіпсіздіктің өзекті мәселелері қаралды» деген тақырыптағы мақаласында. Министр ке­ңес барысында халықаралық ұйым­­дар­дың 2012 жылы жария етуі мүмкін мәлімдемелерінің та­қырыбы бекі­тіліп, ҰҚШҰ-ға мү­ше елдер өкіл­дерінің 2012 жыл­дың соңы мен 2013 жылдың басындағы сыртқы саясат пен қауіпсіздік және қорға­ныс мәсе­лелеріне қатысты кон­суль­та­ция­лық жоспарлары мақұл­дан­ған. «Біз, сонымен қатар ҰҚШҰ-ның құрмет белгісін тағайындап, өзге де бірқатар ше­шім­дер қабылдадық. Бұған қоса, ҰҚШҰ сыртқы істер министр­лері­нің кезекті отырысының мерзі­мін нақтыладық», - депті Е.Қазыханов БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз мәслихатында.

 ***

Қазақстандық бірнеше әуе компаниялар тағы да Еуроодақтың «қара тізіміне» ілініп қалды. Оның ішінде «Berkut Air» әуе компаниясы бар. Нақ осы компанияның еншісінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов және басқа да жоғары шенді шенеуніктер ұшып-қонып жүрген ұшақтар бар екен. Қазақстанның әуе компанияларын, әуежайларын, әуе мамандары мен навигациялық құралдарын кешенді тексерген Азаматтық авиация халықаралық ұйымының комиссиясы (ИКАО) осындай шешім қабылдаған. Аталған мәселе көтерілген мақала «Айқын»  газетінде «Еуроодақты «өкпелетіп» алдық» деген тақырыппен берілген.

 «Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында ҚР Білім және ғылым министрлігі Түркі академиясының президенті Шәкір Ыбыраевпен арадағы сұхбат «Түркілік рухани бірлік идеясы қазақтың ұлттық мәселесі болуы керек» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Түркілік сана мен түркілік кеңістік идеологиясы барша түркі жұрты үшін бірлік идеологиясымен ұштасқаны игі. Қазағым айналасындағы басқа түркілерді бауырлас, туыс халықтар ретінде жоғары көтере санайтын деңгейге жетуге және осыны ұлттық мәселе деңгейінде ойлануға шақырар едім. Біздің ойымыздың, болашақ туралы түсінігіміздің, келешекке арнаған жоспарымыздың бәрі бауырлас түркі халықтарымен бірлікке негізделсе екен», - дейді.

                                                                                        ***

ХХІ ғасырда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі көптеген елдер үшін, оның ішінде тіпті, қарыштап дамыған мемлекеттер үшін де стратегиялық басымдық деңгейіне шығып отырғандығы рас. Бұл тосыннан емес. Сарапшылардың пайымынша, 2050 жылға қарай ғаламшар тұрғындарының саны  9,2 млрд. адамға жетеді екен. Ал олардың бәрін азықтандыру үшін азық-түлік өндіру көлемін 70 пайызға арттыру қажет. Айта кетерлігі қазірдің өзінде әлемде шамамен 1 млрд. адамда қарны тойып, тамақ ішуге мүмкіншілігі жоқ. Осы орайда «Казахстанская правда» газеті өзін-өзі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етудегі еліміздің қандай басымдықтары бар екендігін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Жексенбай Дүйсенбаевтан сұрап білген. Сұхбат «Сельское хозяйство требует долгосрочных вложений» деген тақырыппен берілген.