Еуроодақтың бес елі газ бағасының рекордтық деңгейге өсу себептерін тексеруді ұсынды

НЬЮ-ЙОРК. ТАСС – ҚазАқпарат – Еуроодақ елдерінің тобы-Франция, Испания, Чехия, Румыния және Грекия Еуропадағы газ бағасының рекордтық деңгейге дейін өсу себептерін тексеруді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Bloomberg агенттігінің журналисі Хавьер Блас Twitter-де жариялаған бес елдің бірлескен мәлімдемесінде айтылған .

«Газға келетін болсақ, қазіргі газ келісімшарттарының неліктен жеткіліксіз екенін түсіну үшін еуропалық газ нарығының жұмысын зерттеу керек», - делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ, бес ел бағаның шарықтауын азайту үшін газ қорының көлемі бойыша жалпы ережелерді белгілеуге шақырды. Мәлімдемеде жалпы жағдайды жақсарту үшін сатып алу кезінде үйлестіруді арттыру ұсынылған.

Сонымен қатар, құжат авторлары электр энергиясын өндіру құны мен оның тұтынушылар үшін түпкілікті бағасы арасындағы байланысты жақсарту бағытында ЕО электр энергиясы нарығын реформалауды қажет деп санайды.

Құжатта аталған бес елдің экономика және қаржы министрлерінің бірлескен мәлімдемесі көрсетілген.

ICE биржасының мәліметтері көрсеткендей, 4 қазандағы сауда-саттық барысында Еуропадағы газ бағасы рекордты жаңартты және алғаш рет 1 мың текше метр үшін 1,2 мың АҚШ долларынан жоғары көтерілді. Өткен аптада бұл көрсеткіш тарихта алғаш рет 1 мың АҚШ долларынан асқан болатын.

«Газпромның» басқарма төрағасы Алексей Миллер бұған дейін Еуропаның жерасты қоймаларына газ айдаудың қатты артта қалуы мен сұраныстың артуы Еуропадағы отынның осы түрінің бағасы рекордтарды жаңартқанына, жақын арада одан әрі көтерілуі мүмкін екеніне назар аударған болатын.