Еуропа - адамдар темекіні, алкогольдік ішімдікті ең көп қолданатын құрлық
00:06, 24 Қыркүйек 2015
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтерінше, Еуропа құрлығы - алкоголь мен темекі өнімдерін тұтыну бойынша әлемдік көшбасшы болып табылады.
Сондықтан оның қазіргі жастарының ата-әжелерінің жасына жете алмауының қаупі бар. Бұдан басқа, Еуропа тұрғындарының жартысынан көбі - 59 пайызы артық салмақ пен семіздікке шалдығып отыр.
ДДСҰ еуропалықтардың денсаулығы туралы жаңа баяндамасында обыр, диабет және жүрек-қантамыры ауруларымен күрес табысты жүргізіліп, бұл дерттерден болатын өлім деңгейі төмендеп отырғанын атап өтуде.
Алайда темекі шегушілерге байланысты жағымды жаңалық жоқ: статистикаға сүйенсек, Еуропа тұрғындарының үштен бір бөлігі шылым шегеді - бұл әлемнің барлық аймақтарының арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Еуропа сондай-ақ тұрғындардың жан басына шаққанда ішілген спирттік сусындардың көлемі жағынан көш бастап тұр - жылына 11 литр таза алкоголь.