Еуропа чемпионатында 24 маусымда қай құрамалар ойнайды
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатында бүгін, 24 маусымда үшінші тур ойындары басталады.
Бұл күні В тобында Албания мен Испания ойнайды. Кездесу Дюссельдорф қаласындағы «Меркур Шпиль-Арена» стадионында болады.
Екі құрама бұған дейін 8 мәрте кездесті. Барлығында Испания құрамасы жеңіске жетті. Сондай-ақ аталған топтағы тағы бір кездесу Хорватия мен Италия арасында болады.
Кездесу Лейпциг қаласындағы «Ред Булл-Арена - Центральштадион» стадионында болады. Қазірге дейін құрамалар 9 мәрте кездесіп, 3-де Хорватия, 1-де Италия басым түссе, қалғанында тең нәтиже тіркелді.
Ойындар Қазақстан уақытымен 00.00-де «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Алғашқы турда Италия Албанияны 2:1, Испания Хорватияны 3:0 есебімен жеңді.
Екінші турда Испания Италияны 1:0 есебімен тізе бүктірсе, Хорватия мен Албания 2:2 есебімен тең ойнады.
Еске салсақ, 23 маусымда А тобында Германия мен Швейцария 1:1 есебіне қанағат білдірсе, Венгрия Шотландиядан 1:0 есебімен басым түсті.