НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Еуропа чемпионатының финалдық сатысында Дания мен Финляндияның кездесуінде даниялық жартылай қорғаушы Кристиан Эриксен жасыл алаңда есін жоғалтып, құлап қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қос құрама арасындағы тартыс Дания астанасы Копенгаген қаласындағы «Паркен» стадионында өтіп жатыр.
К.Эриксенге дәрігерлер жасыл алаң үстінде алғашқы медициналық көмек көрсетті. Содан кейін оны арнайы техникамен стадион ішіне алып кетті.
Қазір Дания мен Финляндия матчында уақытша үзіліс. Ойынның әрі қарай жалғасуы жөнінде тиісті шешім қабылданатын болады.
Аталған доп додасы 2020 жылы 12 маусым мен 12 шілде аралығында өткізілуі жоспарланған. Былтыр әлемді жайлаған коронавирус инфекциясына байланысты ол бір жылға кейін шегерілді. Ойындар дүбірлі дода тарихында тұңғыш рет Еуропаның 10 мемлекетінде орналасқан 11 стадионда болады.
фото: www.championat.com
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.