Еске сала кетейік, футзалдан биылғы Еуропа чемпионаты Словения астанасы Любляна қаласында өтіп жатыр. Онда Қазақстан құрамасы Польша және Ресеймен бірге «В» тобына түскен.
Топтың алғашқы кездесуінде қазақстандық жігіттер польшалықтарды 5:1 есебімен талқандады. Сол ойында голдарды Тайнан, Оразов, Жаманқұлов, Першин және Дуглас бір-біреуден өз есебіне жазып қойған болатын. Ал ресейлік ұжым Польшамен 1:1 есебін тіркеді. Осы тең ойын біздің құрамаға турнирдің ширек финалына шығуына жол ашты. Дегенмен, Какау шәкірттері топты бірінші орынмен қорытындылау үшін Ресейді де жеңуге бел буып отыр.
Өйткені жартылай финалда «В» тобының үздігі 1/4 финалдағы «А» тобының екінші командасымен шықпақ. Бұл топта плей-офф жолдамасына Словения, Италия және Сербия құрамалары қызу таласып жатыр. Атап айтқанда, Словения сербиялықтармен 2:2 есебін тіркеді. Сербияны, тіпті италиялық ұжым да жеңе алмады - 1:1.
«Хабар» арнасында Қазақстан-Ресей матчының тікелей трансляциясы Астана уақытымен 23:00-де басталады.