АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасы 2025 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысының екінші турында сырт алаңда Бельгиямен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кездесу барысында бельгиялық футболшылар алғашқы минуттан алаң төрінде басымдық танытты. Оған қазақстандық жастар лайықты қарсылық көрсетті. Бірінші кезеңде есеп ашылған жоқ.
Екінші кезеңде де ойын барысы осылай өрбіп жатты. Десе де бельгиялық жастардың белсенділігі байқалды. Ойынның 77-минутында алаң иелері қатарынан Казим Олайгбе мергендік танытты.
Осылайша қазақстандық құрама қарсыласына есе жіберді. Есеп - 0:1.
Айта кетсек, қазақстандық жастар В тобында сынға түседі. Қарсыластары - Испания, Венгрия, Шотландия, Мальта және Бельгия құрамалары.
Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық жастар Венгрияға 0:2 есебімен жол берді.
Енді қазақстандық жастар 17 қазанда өз алаңында Испанияны қабылдайды. Қалған ойындар 2024 жылдың наурыз-қазан айлары аралығында өткізіледі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.