Еуропа чикунгунья вирусының таралу ошағына айналуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Климаттың өзгеруіне байланысты чикунгунья вирусының таралу аймағы едәуір кеңейіп, XXI ғасырдың соңына қарай Еуропа, Солтүстік Америка және Шығыс Азияның қоңыржай өңірлеріне жетуі мүмкін, деп хабарлайды Report .

Фото: pexels

Бұл туралы Қытайдың Чжэцзян қытай медицина университеті ғалымдарының Frontiers in Cellular and Infection Microbiology журналында жарияланған зерттеуінде айтылған.

Чикунгунья — Aedes тектес масалар арқылы таралатын және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «ұмыт қалған тропикалық аурулар» қатарына жатқызған вирустық дерт. Ауру жоғары температурамен, буын мен бұлшықеттегі қатты ауырсынумен, әлсіздікпен және терідегі бөртпемен сипатталады.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, климаттың жылынуы вирус тасымалдаушы масалардың, әсіресе төмен температурада да тіршілік ете алатын азиялық жолбарыс масасының (Aedes albopictus) таралу аймағын кеңейтуге ықпал етеді.

Ғалымдардың бағалауынша, 2100 жылға қарай ықтимал инфекция ошақтары Еуропаның солтүстік өңірлеріне, Солтүстік Америка мен Шығыс Азияға қарай ығысуы мүмкін.

Зерттеушілер болашақтағы қауіп-қатерді азайту үшін қоңыржай климатты аймақтарда эпидемиологиялық бақылауды күшейтіп, масалар популяциясын қадағалау қажет екенін атап өтті.

Биыл ақпан айында ғалымдар Еуропаның 29 елінде чикунгунья вирусының таралу қаупі бар екенін ескертті.

Сол уақытта Арменияда чикунгунья қызбасының алғашқы дерегі тіркелді.