Еуропа одағы сыртқы істер министрлерінің кезекті отырысы барысында осы ұстанымды Бельгияның сыртқы істер ведомствосының басшысы Дидье Рейндерс де құптады. «Меніңше, ол чемпионатқа саясаткерлер қатыспауы тиіс. Біз Бельгияда нақты шешім қабылдадық - саяси байкот қажет», - деді ол. Өз сөзінде Бельгия министрі тек саяси байкотты ғана жариялау қажеттігін жеткізді. «Бұл жерде спорттық байкот мүлдем орынсыз», - дейді Д.Рейндерс. Әзірше, Еуроодақ елдерінің бірде біреуі де «Еуро-2012» чемпионатынан бас тартқан жоқ.
Айта кеткен жөн, бұған дейін Еуропалық комиссияның төрағасы Жозе Мануэл Баррозу «Еуро-2012»-ге бармайтындығын жария еткен болатын. Осы арқылы ол түрмеге түскен Украинаның экс-премьері Юлия Тимошенкоға қатысты қолданған шараларға өз қарсылығын білдіріп отыр. Германияның канцлері Ангела Меркель де Украинадағы «диктатура мен репрессияларды» сынға алып, саяси байкот жариялады.