Еуропа ғарыштағы қоқысты жинайтын аппарат ұшырады

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық ғарыш агенттігі орбитаға арнайы аппарат жіберіп, жұмысын аяқтаған спутниктерді ұстап, ғарыштан шығаруды жоспарлап отыр. Бұл технологияны әзірлеуге 102 миллион еуродан астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды BILD .

Фото: BILD

Жобаны Германияның OHB компаниясы жетекшілік ететін халықаралық консорциум әзірлейді. ClearSpace-1 миссиясын 2030 жылы ұшыру жоспарланған.

Аппараттың алғашқы нысанасы 2001 жылы ұшырылған PROBA-1 спутнигі болады. Ғарыштағы қоқысты жинауға арналған аппарат оған өздігінен жақындап, төрт роботтандырылған манипуляторы арқылы ұстап алады. Содан кейін екі аппаратты да Жер атмосферасына бағыттайды. Атмосфераға енген кезде олар жанып кетуі тиіс.

Мұндай технологияға деген қажеттілік орбитадағы қоқыс көлемінің артуына байланысты күшейіп келеді. Еуропалық ғарыш агенттігінің мәліметінше, Жер орбитасында 47 мыңнан астам нысан бақыланады. Ал көлемі 1-10 сантиметр болатын ұсақ сынықтардың саны 1,5 миллионға жетуі мүмкін.

Қозғалыс жылдамдығы жоғары болғандықтан, тіпті шағын сынықтардың өзі жұмыс істеп тұрған спутниктерге зақым келтіреді.

Еске салайық, бұған дейін SpaceX компаниясы Starship кемесін ғарыштан оралған соң алғаш рет механикалық манипуляторлармен ұстап алды.