Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің Қазақстандағы артықшылықтары нақтыланды - Парламент

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы ынтымақтастық пен Еуропа Қайта Құру және Даму Банкінің Қазақстан Республикасындағы қызметіне қатысты келісімді ратификациялау туралы» заңын қабылдады.

Келісімге былтырғы жылдың мамыр айында Ыстамбұл қаласында қол қойылған. Келісімде Банктің Қазақстан аумағында пайдаланатын мәртебесі, иммунитеттері, артықшылықтары және алып қоюларын растау және айқындау мақсатын қарастырады. Бұдан бөлек, Келісімнің негізгі бағыттары иммунитеттерден бас тарту және Банкті құру туралы оған дейін бар артықшылықтарға қосымша артықшылықтар беру жағдайларын нақтылайды.

Атап айтқанда, мұндай артықшылықтар мен иммунитеттерге Банк мұрағаттарына және оған тиесілі барлық құжаттарға немесе орналасқан жеріне, нысанына қарамастан, өзі ұстаушы болып табылатын құжаттарға қол сұғылмаушылық жатады. Келісім бойынша Банк өзінің ресми қызметінің шегінде Қазақстан аумағында сот ісін жүргізудің кез келген нысанынан иммунитетке ие болады.

ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, Келісім шарттарына сәйкес, Банк пен оның активтері, мүлкі, табысы, мәмілелері, операциялары мен пайдасы тікелей салық салудан, кез келген алымдар мен аударымдардан босатылады. Бұдан бөлек, Банк қызметкерлері зейнетақымен қамсыздандыру және медициналық сақтандыру жүйесі саласындағы, валюталық шектеулерден босату туралы артықшылықтарды да пайдалана алады. Дегенмен, мұндай артықшылықтар Қазақстан азаматы болып табылатын Банк қызметкерлеріне қолданылмайды. Тоқтала кететін жайт, аталған келісім бойынша көрсетілген артықшылықтар, иммунитеттер мен жеңілдіктер негізінен жекелеген адамдардың жеке бас пайдасы үшін емес, Банктің мүддесі үшін беріліп отыр.

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.