Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы Қазақстан реформаларын жоғары бағалады

Фото: ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі

АСТАНА.KAZINFORM — ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Страсбургте өтіп жатқан Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының күзгі сессиясына қатысты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Күн тәртібінде Қазақстан мен Еуропа Кеңесі арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері қаралды.

Сейсенбі күні Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев ЕКПА төрағасы Теодорос Русопулоспен, Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Ален Берсемен және ЕКПА-ның Қазақстан бойынша баяндамашысы Жолт Неметпен (Венгрия) екіжақты кездесулер өткізді.

ЕКПА төрағасымен кездесу қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданды.

— Бүгін Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы Қазақстандағы демократиялық реформаларды қолдайтынын растайтын қарар қабылдаған кезде, біз парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға, институционалдық және саяси диалогты тереңдетуге және біздің институттарымыз арасындағы ынтымақтастық туралы келісімде көрсетілгендей ортақ құндылықтар негізінде ілгерілеуге бейім екенімізді білдіреміз, — делінген ҚР Парламенті Сенатының төрағасы мен ЕКПА төрағасының бірлескен мәлімдемесінде.

Сондай-ақ құжатта Қазақстанның конституциялық және саяси реформалар арқылы демократиялық институттарды нығайтуға бағытталған елеулі күш-жігері, сондай-ақ Еуропа Кеңесімен, атап айтқанда оның Парламенттік Ассамблеясымен және басқа да халықаралық серіктестермен белсенді ынтымақтастығы үшін жоғары баға берілген.

— Біз Қазақстанның өлім жазасын алып тастауын және оның адам құқықтарын қорғауға деген ұмтылысын көрсететін Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші факультативтік хаттаманы ратификациялауын құптаймыз. Біз Қазақстанның Еуропа Кеңесінің тиісті конвенцияларына қосылу жөніндегі күш-жігерін қолдаймыз және адам құқықтарын, заң үстемдігін және демократияны ілгерілету жөніндегі ортақ міндеттемемізді бағалаймыз, — делінген хабарламада.

Еуропалық ұйым өкілдеріне Қазақстанда болып жатқан демократиялық үдерістер мен алдағы парламенттік реформа туралы толық ақпарат берілді.

Еуропа Кеңесінің Төрағасы мен ЕКПА өкілдері Қазақстандағы реформалардың, оның ішінде еуропалық парламентарийлердің пікірінше, саяси реформаларды біртұтас институционалдық жүйеге біріктіру арқылы заң шығару үдерісі мен шешімдер қабылдаудың тиімділігін арттыруға болатын бір палаталы парламент құру бастамасын қоса алғанда, реформалар барысын қанағаттанушылықпен атап өтті.

Сонымен қатар, әлеуметтік интеграцияның маңыздылығы және Конституциялық Соттың ұлттық адам құқықтары жүйесіндегі рөлі айтылды.

Бұған дейін еуропалық сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтқан Сенатты тарату бастамасына қатысты пікірлерімен бөліскен болатын.