Еуропа лигасы: бүгін ширек финал ойындары өтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін UEFA Еуропа лигасы ширек финалының қарымта кездесулері өтеді.
Жарыстың аталған сатысындағы матчтар қазақстандық уақытпен 23:50-де басталады.
Алдымен «Qazaqstan» телеарнасынан «Айнтрахт» (Германия) пен «Тоттенхэм Хотспурс» (Англия) кездесуі көрсетіледі. Бірінші ойында 1:1 есебі тіркелді.
Сондай-ақ дәл осы уақытта жанкүйерлер «Qazsport» телеарнасынан «Манчестер Юнайтед» (Англия) пен «Лион» (Франция) ойынын тамашалай алады. Алғашқы кездесуде командалар 2:2 есебіне қанағат білдірді.
Ширек финалдағы тағы бір кездесуде испаниялық «Атлетик» пен шотландиялық «Глазго Рейнджерс» шеберлік байқасады. Алғашқы ойында олар 0:0 себімен тең түсті.
Ширек финалдағы тағы бір ойын «Лацио» (Италия) мен «Бодо-Глимт» (Норвегия) арасында өтеді. Алғашқы кездесуде норвегиялық клуб 2:0 есебімен басым түсті.
Еуропа лигасы ойындары 2009 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Былтыр Италияның «Аталанта» командасы аталған турнирдің жеңімпазы атанды.
Бұған дейін Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан екі команда анықталғанын жазған едік.