Еуропа лигасы: «Лион» мен «Манчестер Юнайтед» тең нәтижеге қанағат білдірді

Фото: Фото: TRT

АСТАНА. KAZINFORM - UEFA Еуропа лигасы ширек финалының алғашқы тур ойындары өткізілді.

Жанкүйерлер «Лион» (Франция) мен «Манчестер Юнайтед» (Англия) кездесуіне ерекше қызығушылық танытты. Төл біріншілігінде екі команда үнемі үздіктер қатарынан көрінеді. Сондықтан олардың еурокубокта жарысты жалғастыруға күш салатыны белгілі еді.

Кездесу барысында франциялық командадан Тьяго Альмада 25-минутта есеп ашса, «Манчестер Юнайтед» сапынан Лени Йоро 45-минутта таразы басын теңестіріп кетті.

Екінші кезеңде қос команда есепті ұлғайтуға тырысты. Нәтижесінде ағылшындық клубтан Джошуа Зиркзее 88-минутта мергендік танытса, «Лион» футболшысы Райан Шерки қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша командалар 2:2 есебіне қанағат білдірді.

Сондай-ақ норвегиялық «Будё-Глимт» өз алаңында италиялық «Лационы» 2:0 есебімен жеңсе, «Тоттенхэм» (Англия) мен «Айнтрахт» (Германия) 1:1, «Глазго Рейнджерс» (Шотландия) пен «Атлетик Бильбао» (Испания) 0:0 есебіне қанағат білдірді.

Қарымта ойындар 17 сәуірге белгіленген. Ал жартылай финал 1 мен 8 мамыр күндері өткізілсе, финал 21 мамырда Испанияның Бильбао қаласындағы «Сан-Мамес Баррия» стадионында болады.