Еуропа лигасы: «Тобыл» бүгін словакиялық «Ружемберок» командасымен кездеседі

Фото: Prosports.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 11 шілдеде Қостанайдың «Тобылы» футболдан Еуропа лигасы бірінші іріктеу кезеңінде Словакияның «Ружемберок» командасымен кездеседі. 

Кездесу елорда уақытымен 22:00-де басталып, «Sport Plus Qazaqstan» және «Ел Арна» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.

«Ружемберок» Словакия чемпионатында 2005-2006 жылғы маусымда алтын медаль алды. Сол жылы ел Кубогін иеленсе, былтыр бұл жетістігін тағы бір мәрте қайталады. «Ружомберок» еурокубокта жеті рет ойнаған. 2006 жылы Чемпиондар Лигасының жән 2017жылы Еуропа Лигасының үшінші іріктеу кезеңіне дейін жетті.

Аталған команда құрамында негізінен словакиялық футболшылар ойын көрсетеді. Олардың қатарында Самюэль Лавринчик, Мартин Хриен және қақпашы Томас Фрювальд секілді тәжірибелі ойыншылар бар.

Қорғаныс шебінде кезінде Португалияның «Бенфикасының» намысын қорғаған Мартин Хриен жасыл алаңға шықса, шабуылда негізінен Штефан Герецке сенім артылған.

Еске салсақ, бұдан бұрын Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу кезеңінде «Ордабасы» молдовалық «Петрокуб» командасымен тең түсті.