Еуропа лигасы: «Астана» алғашқы кезеңнен кейін жеңіліп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Дәл қазір елордадағы «Астана-арена» стадионында «Астана» мен Киевтің «Динамо» командалары арасындағы кездесудің бірінші кезеңі аяқталды.

Біз бұдан бұрын екі команданың бүгінгі ойынға дайындығы жайында хабарлаған едік.

Осы кездесуге дейін екі команданың еншісінде сегіз-сегіз ұпайдан бар. Алғашқы екі орынды өзара бөлісіп тұр.

«Астана» командасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Григорий Бабаян кездесудің алғашқы минутынан Ненад Эрич, Бактиер Зайнутдинов, Евгений Постников, Марин Аничич, Антонио Рукавина, Иван Маевский, Ласло Кляйнхайслер, Ричард Алмейда, Марин Томасов, Роман Муртазаев мен Джуниор Кабананганы шығарды. Ал «Динамоның» бас бапкері Александр Хацкевич өз шәкірттері арасынан Денис Бойко, Никита Бурда, Тамаш Кадар, Томаш Кендзера, Виталий Миколенко - Че Че, Владимир Шепелев, Николай Шапаренко, Сидклей Перейра, Беньямин Вербич пен Виктор Цыганковқа сенім білдірді.

Алғашқы минуттан «Астана» ойын тізгінін қолға алуға тырысқан еді. Оныншы минутқа дейін біздің командада есепті ашатын бірнеше мүмкіндік болды. Астаналық Марин Томасов қақпа алдында нысананы дәл көздей алған жоқ. Осындай көптеген қауіпті сәттер түйінделе қоймады. Есесіне «Динамо» ойыншысы Беньямин Вербич 29-минутта өз командасын алға шығарды. Бірінші кезең осы есеппен аяқталды.