Еуропа лигасы: «Астана» «Динамоны» өз алаңында қабылдайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Еуропа лигасы топтық кезеңінде бесінші тур ойындары өтеді. Елордалық «Астана» өз алаңында Киевтің «Динамо» командасын қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

K тобындағы қос команда алғашқы турда өзара шеберлік байқасқан еді. Украина астанасы - Киевте болған ойында екі клуб 2:2 есебінде тарқасқан болатын. Одан бері «Астана» екі мәрте жеңіске жетіп, бір тең нәтижеге қанағат білдірді. Өз алаңында Францияның «Ренн» клубын  2:0 есебімен жеңсе, біздің жігіттер сосын сыртта Чехияның «Яблонец» клубымен 1:1 есебімен тең ойнады. Аталмыш командамен үш апта бұрын елорда төрінде қарымта ойын өткізіп, бұл кездесуде 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Алғашқы турдан кейін «Динамо» ширақтық танытты. Одан кейін сыртта «Яблонецпен» 2:2 есебімен тең ойнады. Соңғы екі кездесуінде ауадай қажетті алты ұпайды қоржынға салды. Алдымен сыртта «Реннді» 2:1 есебімен тізе бүктіріп, одан кейін өз алаңында сол клубтан 3:1 есебімен айласын асырды.

Қазіргі таңда екі команданың еншісінде сегіз-сегізден ұпай бар. Алғашқы екі орынды өзара бөлісіп тұр. Бүгінгі кездесу бірінші орын кімге бұйыратынын шешеді. Сондықтан екі команда да барын салары анық. «Динамо» қай кезде де Украинаның үздік командасы саналады. Сол биігінен бүгінде де төмен түсіп көрген емес. Өз елінде 15 мәрте ел чемпионы атағын жеңіп алды. Бұл - рекордтық көрсеткіш. Сондай-ақ, 9 мәрте күміс жүлдегер атанса, 2013 жылы қола жүлдеге қанағат білдірді. КСРО кезінде де «Динамо» чемпиондыққа қол жеткізуден рекордтық көрсеткішті бағындырып, алтын медальді 13 мәрте алған.

Букмекерлік кеңселер бүгінгі ойында «Астанаға» басымдық беріп отыр. Дегенмен футболдан бәрі де мүмкін. Шын мықтыны жасыл алаң үстіндегі шайқас анықтайды. Екі команда оған тастүйін дайындығын жасап отыр. Қазір Украина біріншілігі әлі де жалғасып жатыр. «Динамо» турнир кестесінде үшінші орында тұр. Бүгінгі қарсыласымыз 25 қарашада сырт алаңда «Александрия» командасынан 1:2 есебімен жеңіліп қалды. «Динамо» турнир кестесінде бірінші орында келе жатқан Донецкінің «Шахтерінен» тоғыз ұпайға артта қалған.  Ал футболдан Қазақстан біріншілігі 11 қарашада мәресіне жетіп, «Астана» қатарынан бесінші мәрте чемпион атағына ие болған еді. Одан бері елордалық клубтың бірқатар футболшылары Ұлттар лигасында өз елдерінің құрамалары сапында ойын көрсетіп қайтты.

Екі команда сапынан жарақат алғандар жоқ. Дегенмен «Динамо» бапкерлері қорғаушы Никита Бурданың ойынға қатыса алмауы мүмкін екендігін айтады. «Астана» сапында мұндай футболшылар жоқ.

Естеріңізге сала кетелік, аталмыш кездесу бүгін Астана уақытымен сағат 21.45-те басталады. Ойынды Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетіледі. Сондай-ақ, бүгін аталмыш K тобындағы «Яблонец» және «Ренн» командалары өзара кездеседі.