НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Швейцарияның Ньон қаласында футболдан UEFA Еуропа лигасы бірінші іріктеу сатысының жеребесі тартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жеребе тарту рәсімі елорда уақытымен 16.00-де басталады. Тікелей телекөрсетілім UEFA ресми сайтында жүргізіледі.
Естеріңізге сала кетелік, биыл Еуропа лигасында еліміздің атынан Алматының «Қайрат», Шымкенттің «Ордабасы» және Қызылорданың «Қайсар» командалары бақ сынайды. «Қайрат» пен «Ордабасы» жарысты бірінші сатысынан бастаса, «Қайсар» екінші сатысында алғашқы қарсыласымен шеберлік байқасады.
Биыл Еуропа лигасында іріктеу кезеңінде жеңімпаз бір ғана ойыннан анықталады. Кездесуде тең нәтиже тіркелген жағдайда жарыстың келесі сатысына берілетін жолдама иесі қосымша кезең немесе пенальти сериясы арқылы белгілі болады.
Айта кетелік, 9 тамызда Чемпиондар лигасында сынға түсетін елордалық «Астана» командасының қарсыласы анықталды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.