Командалар жасыл алаңға мынадай құрамда шықты:
«Қайрат» ФК: Владимир Плотников, Ермек Қуантаев, Станислав Лунин, Жарко Маркович, Ғафуржан Сүйімбаев, Михаил Бакаев, Анатолий Тимощук, Андрей Аршавин, Бауыржан Исламхан, Исаэл, Жерар Гоу.
Запастағылар: Стас Покатилов, Қуат Исламбек, Сесар Арзо, Бауыржан Тұрысбек, Аслан Дарабаев, Гаэль Тавамба және Герсон Асеведо.
«Маккаби» ФК: Предраг Райкович, Харис Медужанин, Гал Альберман, Таль Бен-Хаим, Дор Миха, Ейтан Тиби, Айрахам Рикан, Таль Бен Хаим, Носа Игебор, Орландо Са, Дон Перец
Запастағылар: Хавив Охавон, Еден Бен Басат, Барак Итжаки, Омри Бенр Харуш, Егор Филипенка, Еял Голаса, Йосси Бенаюн.
Ойын бастала салысымен алаң иелері, жанкүйерлердің қызу қолдауымен ойын тізгінін өз қолдарында ұстап, үздіксіз шабуыл жасауға көшті. Дегенмен, Израильдің «Маккаби» командасы оңай шағылар жаңғақ еместігін көрсетті. Қорғаушылары сауатты қорғана білді. Осылайша, ойын әрі қарай тең дәрежеде өрбіді. «Қайраттықтардың» шабуылы көбінесе Бауыржан Исламхан арқылы дамып отырды. Алайда, «Маккаби» қорғаушыларының ұтымды әдісінің арқасында, «Қайраттың» шабуыл өтіндегі ойыншысы Жерар Гоу бірнеше рет ойыннан тыс қалды. Көп ұзамай «қайраттықтардың» қорғаушылары қателіктерге бой алдыра бастады. Осының салдарынан қауіпті сәттер туындай бастады. Бақытқа орай, Владимир Плотников шеберлігінің арқасында команданы екі рет голдан құтқарып қалды. Дегенмен, «Қайрат» командасының кезекті шабуыл сәтті аяқталды. Айып алаңына ентелей кірген Гоудың кері қарай тапкен пасын артынан келе жатқан Андрей Аршавин ұтымды пайдаланды. Допты тоқтатпаған күйі қақпаға бағыттап, торда тулатты. Бірінші тайм 1:0 есебімен аяқталды.
Екінші тайм нөсер жауынға қарамастан алма-кезек шабуылдармен өрбіді. Израильдіктер бірнеше рет жерлестерімізге қарсы дөрекі ойнады. Алайда финдік төреші Антти Мунукка байқамаған сыңай танытты. Ойынның 66-шы минутында «Қайрат» командасының жанкүйерлері Владимир Плотниковке орындарынан тұрып қол соқты. Ол айып алаңында өзіне бетпе-бет шыққан «Маккабидің» шабуылшысы Игеобрдың тепкен добын қайтарып үлгерді.
Ал, ойынның 68-ші минутында Михаил Бакаевтың алаңның ортасынан дерлік қарсыластар қақпасының оң қапталына қарай берген пасына Исаэль Барбоза бірінші болып жетті. Алайда қақпаға қарай қайыра тепкен добы қақпашының бүйіріне тиіп кері серпілді. Ойынның соңына қарай, израильдіктер қысымды күшейтіп, допқа жиі иелік ете бастады. Ал, «қайраттықтар» қорғанысқа көшті.
Өкінішке қарай, ойынның қосымша уақытының алғашқы минутында еврейлер ойынды теңестіріп кетті. Голдың авторы - Йосси Бенаюн. Қосымша уақыттың соңғы минутында «қайраттықтар» тамаша шабуыл ұйымдастырып, гол салған еді. Бірақ, ол есептелмеді. Неге дейсіз ғой? Сөйтсе, соның алдында ғана қақпаға қарай ұмтылған Бауыржан Исламхан айып алаңының сыртына жете бере «Маккабидің» қорғаушысына қарсы дөрекі ойнаған екен. Онсыз да еврейлерге бүйрегі бұрып жүрген финдік төреші Антти Мунукка голды есептемеді және онымен тұрмай Бауыржанды алаңнан қуды. Енді Бауыржан Исламхан өкінішке қарай, сырт алаңда әріптестеріне көмектесе алмайды.
Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.