НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Швейцарияның Ньон қаласында UEFA Еуропа лигасы бірінші іріктеу сатысының жеребесі тартылды. Доп додасында еліміздің атынан сынға түсетін Алматының «Қайрат» және Шымкенттің «Ордабасы» командаларының қарсыластары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алғашқы іріктеу сатысында «Қайрат» Арменияның «Ноа» командасымен шеберлік байқасады. Аталған клуб 2017 жылы құрылған. Биыл Армения чемпионатында күміс жүлдеге қол созып, оған қоса кубок иегері атанды. Еурокубок ойындарына тұңғыш мәрте қатысып отыр.
Ал «Ордабасы» Румынияның «Боташани» клубымен кездеседі. «Боташани» 2001 жылы құрылған. Биыл өз елінде тұңғыш мәрте қола жүлдеге қол созды.
Қазақстандық тағы бір клуб «Қайсар» турнирдің екінші сатысында алғашқы қарсыласымен шеберлік байқасады.
Биыл Еуропа лигасында іріктеу кезеңінде жеңімпаз бір ғана ойыннан анықталады. Кездесуде тең нәтиже тіркелген жағдайда жарыстың келесі сатысына берілетін жолдама иесі қосымша кезең немесе пенальти сериясы арқылы белгілі болады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.