Екі команда арасындағы алғашқы ойын бір апта бұрын Алматы төрінде болды. Бұл жекпе-жекте «Қайрат» 2:0 есебімен жеңіске жетті. «Қайрат» сапынан екі голды да украиналық легионер Адеринсола Эсеола соқты. Әрине, алматылық ұжымға біршама басымдық алып келіп отыр. Голландиялық ұжым өз алаңында жауапсыз үш гол соқса, жарыстың келесі сатысына шығуына мүмкіндік бар. Ал «Қайрат» сырт алаңда бір гол соғып алса, онда алаң иелерінің жағдайы одан әрі қиындай түседі. Бүгінге дейін алматылық клуб еурокубок ойындарында бірнеше мәрте сынға түсті. Дегенмен оның ешқайсысында топтық кезеңге жете алған жоқ. Бәлкім, сол мақсатына биыл жетіп қалар...
Аталмыш ойыннан кейін «Қайрат» ел біріншілігінде бір кездесу өткізіп үлгерді. Өткен аптаның жексенбісінде олар өз алаңында Қостанайдың «Тобылын» 1:0 есебімен жеңді. Ал Голландияда мұндай доп додасы әлі бастала қойған жоқ. Онда алғашқы тур 11 тамыз күні басталып, «АЗ Алкмаар» өз алаңында НАК командасын қабылдайды.
Айта кетерлігі, «Қайрат» Еуропа лигасында бұған дейін екінші іріктеу кезеңінен әріге аса алған жоқ. Ендеше, бұл жолы қалай болады? Екі команданың жеңгені жарысты жалғастырады. Жеңілгені жарыс жолынан шығып қалады. «Қайраттың» бас бапкері Карлос Алос Феррер әзірге алғашқы минуттан кімдердің жасыл алаңға шығатынын нақты айта қойған жоқ. Ол жарысты жалғастыруға қайсысының мүмкіндігі зор екеніне де жауап беруге әзірге ертерек екеніне тоқталды. Ойынға кім дайын екенін дәлелдесе, сол футболшы шығатынын мәлімдеді.
Біз бұған дейін «АЗ Алкмаар» қазақстандық екі командамен кездескенін айтқан едік . Олар 2010 жылы Еуропа лигасының плей-офф сатысында қазақстандық «Ақтөбе» клубымен кездесті. Ақтөбеде олар 1:2 есебімен жеңілгенімен, өз алаңында 2:0 есебімен басым түсті. Одан кейін біздің «Шахтермен» топтық кезеңде жолықты. L тобында жолыққан қос команда арасындағы жекпе-жекте АЗ өз алаңында 1:0 есебімен жеңіске жетсе, біздің елімізде 1:1 есебімен тең ойнады. Байқасаңыз, олар екеуінде де өз алаңында жеңілген жоқ екен. Әрине, бұл жерде «Қайраттың» жөні бөлек. Команда құрамында шеберлігі жоғары футболшылар көп. Сондай-ақ, олар алғашқы кездесуде екі доп айырмасымен жеңіске жетті. Мұның өзі де оларға қосымша күш берері сөзсіз.
Аталмыш кездесу Астана уақытымен 00.45-те басталады. Кездесу «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Бұл жұпта жеңімпаз болған команда 9 және 16 тамызда Чехияның «Сигма» клубымен шеберлік байқасады.
Аталмыш жарыста сынға түскен Қостанайдың «Тобылы» 31 шілдеде Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңінде сырт алаңда Арменияның «Пюнигінен» 0:1 есебімен жеңілді. Ал Қостанайда «Тобыл» олардан 2:1 есебімен басым түскен еді. Осыған қарамастан қос ойын нәтижесімен олар қарсыласына жол берді. Еуропа лигасында биыл Қазақстаннан Павлодардың «Ертісі» де қатысып, жарыстың алғашқы кезеңінде Литваның «Тракай» клубына (0:1, 0:0) жол беріп қойды.
Кеше, 1 тамызда Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде елордалық «Астана» сырт алаңда Данияның «Мидтьюлланд» командасымен 0:0 есебімен тең түсті. «Астана» өз алаңында оларды 2:1 есебімен тізе бүктірген еді. Енді олар Хорватия астанасы - Загреб қаласының «Динамо» командасымен 7 және 14 тамыз күндері шеберлік байқасады.