НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан UEFA Еуропа лигасының екінші іріктеу сатысында бақ сынайтын қазақстандық клубтардың барлық ойыны тікелей эфирде көрсетіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Естеріңізге сала кетелік, турнирдің аталған сатысында еліміздің атынан «Астана», «Қайрат» және «Қайсар» клубтары жасыл алаңға шығады. Кездесулер 17 қыркүйекте өткізіледі. Барлық ойын «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Алғашқы ойында Қызылорданың «Қайсары» Кипрдің АПОЭЛ командасымен шеберлік байқасады. Кездесу Шымкент қаласында болады. Ойын елорда уақытымен 17.50-де басталады.
Елордалық «Астана» Черногорияның «Будучность» клубымен кездеседі. Алматыда өтетін кездесу 19.55-те басталады.
Дәл осы күні сағат 22.50-де Алматының «Қайраты» Израильде «Маккаби» (Хайфа) клубымен жасыл алаңға шығады.
Естеріңізге сала кетелік, биыл Еуропа лигасында Шымкенттің «Ордабасы» клубы да сынға түскен еді. Команда турнирдің алғашқы сатысында өз алаңында Румынияның «Ботошани» командасына 1:2 есебімен жол берді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.