Еуропа лигасы: Киевтің «Динамосы» өз тобында бірінші орынға көтерілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Еуропа лигасы топтық кезеңінде K тобында Киевтің «Динамо» (Украина) және Францияның «Ренн» командалары кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталмыш топтағы төртінші турда «Астана» бүгін Чехияның «Яблонец» командасын 2:1 есебімен тізе бүктірді. Осының нәтижесінде елордалық клуб өз тобында бірінші орында келеді. Сондықтан «Динамо» мен «Ренн» арасындағы кездесу тартысты өрбитіні белгілі еді. Оның себебі де бар. «Динамо» жеңілген жағдайда жағдайын қиындатып алады. Алдына «Ренді» салып, өздері үшінші орынға сырғиды. Ол жарысты жалғастыру мүмкіндігіне кері әсерін тигізеді. «Ренн» үшін де қиын жағдай қалыптасып тұр. Француз клубы алғашқы үш турда бар болғаны үш ұпай ғана жинады. «Динамомен» кездесуде үш ұпай жоғалтса, жарыстың плей-офф кезеңіне шығу алыстай түседі. Одан кейін қалған екі ойында да жеңіске жетуі қажет. Олар енді «Яблонец» және «Астанамен» ойнайтынын ескерсек, екі клуб та оған оңайлықпен ұпай бере қоймайды.

Бұл кездесуде «Динамо» бірден шабуылға лап қойды. Өз дегеніне 13-минутта жетті. Оны киевтік клубтың словениялық жартылай қорғаушысы Беньямин Вербич соқты. Бұдан кейін «Ренн» футболшылары ес жиғандай болды. Десе де бірінші кезеңде 1:0 есебі өзгере қойған жоқ.

Екінші кезеңде де қос команда шабуылға шығуға күш салды. «Ренн» көбірек алаң иелері қақпасы маңында бой көрсетті. Дегенмен алаң иелері тағы бір гол соғып кетті. «Ренн» қақпасы маңында өрескел қателікті 68-минутта Виталий Миколенко пайдаланып кетті. Есеп 2:0. Ал 72-минутта Николай Шапаренко есепті ұлғайта түсті. Есеп 3:0. «Ренн» ойыншысы 89-минутта Теосон Сьебатше есеп айырмасын қысқартты. Осылайша «Динамо» аталмыш қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті. Бұл жеңісінен кейін «Динамо» өз тобында бірінші орынға шықты. «Астана» екінші орынға жайғасты.

Енді командалар 29 қарашада бесінші тур ойындарын өткізеді. Бұл күні сырт алаңда «Динамо» «Астанамен» кездессе, «Ренн» «Яблонецпен» шеберлік байқасады.