ЕУРОПА ЛИГАСЫ: «Вильярреалға» қарсы ойнайтын «Астананы» қолдау үшін жанкүйерлер еліміздің барлық өңірлерінен келмекші

АСТАНА. ҚазАқпарат - 21 тамызда «Астана Аренада» өтетін УЕФА-ның Еуропа Лигасында «Астана» мен испандық «Вильярреал» арасындағы ойынның билеттеріне деген сұраныс жоғары және оларды еліміздің барлық өңірлерінің жанкүйерлері талап әкетуде. Бұл туралы билет сатуды ұйымдастыратын «Меломан» желісі хабарлап отыр.

«Билеттер кассаларға тек кеше ғана түсті, дегенмен олардың өту жылдамдығы қазақстандықтардың бұл ойынды асыға күтіп жүргенін көрсетеді. Сатып алушылар билеттерді өздеріне, отбасына, кейбірі тіпті матчты көріп, еліміздің командасына жанкүйер болу үшін басқа қалалардан келетін достарына алып жатқандарын айтады. «Астана» клубының жетістіктері барша қазақстандықтарды біріктіре алғаны қандай тамаша. Енді футболшыларымыз жерге қаратпас деген үміттеміз», - дейді Айгүл есімді «Меломан» желісінің кассирі.

Оның айтуынша, билеттер сатылымға түспей жатып-ақ, еліміздің түкпір-түкпірінен қоңырау шалушылар көбейіп, олар билеттің құнын, қашан сатыла бастайтынын сұрастырған.

Бұрын хабарланғандай, «Астана» мен «Вильярреал» арасындағы матчтың билеттері 4 категорияға бөлінген. Олар 500-ден 3 мың теңгеге дейін тұрады.

Айта кетейік, командалардың қарымта кездесуі 28 тамызда Испанияда өтеді. Егер осы екі ойынның ортақ нәтижесі бойынша қазақстандық команда жеңіске жетсе, ол еурокубок жүлдесінің негізгі кестесіне өтеді.