Кездесуді Ирландия Премьер-министрі Михол Мартин қабылдап, оған Еуропалық кеңес президенті Антониу Кошта төрағалық етіп отыр. Басқосу Dublin Convention Centre орталығында өтті.
Айта кетейік, бұған дейін, 12 қарашада Дублинде Еуропалық саяси қоғамдастықтың тоғызыншы саммиті өткен болатын.
3 қарашадағы шақыру хатында Антониу Кошта 2026 жыл Еуропа одағында «Бәсекеге қабілетті жыл» деп жарияланғанын атап өтті. Ал наурыздағы саммитте көшбасшылар болашақ технологияларына инвестиция салып, инновацияларды жеделдетуге келіскен еді. ЖИ-дің қарқынды дамуын ескере отырып, ол бұл тақырыпты жоғары деңгейде алғаш рет арнайы талқылауды ұсынды.
Жиын екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде Еуропа одағы елдерінің басшылары экономикалық бәсекелестік пен «ЖИ саласындағы егемендік» мәселелерін талқылады. Бұл тақырыпта Францияның Mistral AI компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Артур Менш баяндама жасады.
Талқылау барысында ЖИ саласындағы жаһандық құн тізбегінде Еуропаның алатын орнына баса назар аударылды. Атап айтқанда, есептеу қуатын арттыру, деректерді қашықтан сақтау мен өңдеу қызметтерін дамыту, ЖИ модельдері мен чиптер өндірісін жолға қою, сыртқы тәуелділікті азайту және мемлекеттік-жекеменшік инвестицияларды тарту мәселелері қаралды.
Екінші бөлімде ЖИ-дің қоғамға, қауіпсіздікке және қоғамдық сенімге әсері талқыланды. Бұл бөлімде Нобель сыйлығының лауреаты Джеффри Хинтон сөз сөйлейді. Сондай-ақ ЖИ-дің еңбек нарығына, негізгі құқықтарға, демократиялық үдерістерге және киберқауіпсіздікке ықпалы, сондай-ақ озық ЖИ технологияларын халықаралық деңгейде реттеу мәселелері сөз болды.
Жиын соңында 27 елдің басшылары түскі ас кезінде бас қосып, алдағы қадамдар жөнінде пікір алмасады. Кездесу бейресми сипатта өтетіндіктен, ресми қорытынды қабылданбайды.
Бұған дейін Еуроодақта 2 тамыздан бастап ЖИ-ге қатысты жаңа ережелер күшіне енетіні хабарланған болатын.