Еуропа парламентінде Урсула фон дер Ляйенге сенімсіздік вотумы процедурасы басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Румыниялық депутат Георге Пипереа Ерокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйенге сенімсіздік вотумын қарау бастамасын көтерді.
Еуропалық БАҚ өкілдерінің жазуынша, отставка туралы шешім қабылдана қоймайды, дегенмен де осы мәселенің көтеріліп отырғанының өзі Урсула фон дер Ляйеннің абыройына нұқсан келтіреді, деп хабарлайы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Еуропарламент мүшесі, ең шеткі солшыл күштердің өкілі Г.Пипереа әріптестерінен «Pfizer» компаниясының басшысы Альберт Бурломен жазысқан мәтіндік хабарламаларды тағы бір зерделеуді сұрап отыр. Бұл хаттар 2021 жылы пандемия кезінде COVID-19 вакциналарын сатып алумен байланысты.
Г.Пипереа депутаттардың қолдарының ең төменгі шегін (70 депутат) жинаған. Бұл Еурокомиссия төрағасын қызметінен кетіруге қажетті жалпы дауыстың (720) үштен бірінен аз.
Егер дауыс беру жүзеге асырылып, Еуропарламент депутаттарының үштен екісі дауыс берсе, онда Еурокомиссия түгелдей кетеді және ұйымға мүше әр мемлекеттен бір-бір комиссардан тағайындай отырып, жаңа құрам бекітіледі. Бұл - өте күрделі процесс.
Өзінің әлеуметтік желілердегі парақшаларында Г.Пипереа басты міндет – Еурокомиссияның жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету екенін айтады.
Жуырда ғана У.Ляйенге «жасыл бағытты» әлсірету үшін әсіре солшылдармен ынтымақтасты деп айып таққан жетекші центристік күштердің өзі Г.Пипереаның бастамасын қолдайын деп отырған жоқ.
Нақтырақ айтқанда У.Ляйеннің саяси күші саналатын Еуропа халық партиясы (ЕХП), сондай-ақ S&D тобындағы социалистер мен «Еуропаны жаңғыртамыз» (Renew Europe) тобының либералдары вотумға қарсы дауыс беретінін мәлімдеді.
«Жасылдардың» өкілдері де әсіре оңшылдардан шыққан бастаманы қолдағысы жоқ.
Социалистер тобының төрағасы Ираче Гарсия Перес «Біз әсіре оңшылдардың бірде-бір бастамасын қолдамаймыз» деп нақты айтты.
Сарапшылар осылайша отставкаға жіберу мүмкіндігінің төмендігіне қарамастан мәселенің көтеріліп, дауысқа салынуының өзі У.Ляйеннің абыройына нұқсан келтіретін әрекет екенін айтып жатыр.
Осыған дейін Еуропарламенттің 15 мүшесі сыбайлас жемқорлыққа қатысты тергеу аясында назарға іліккені туралы жаздық.