Еуропа тәжірибесіне сүйенсек, Құрылтайда 500-600 депутат болар еді — комиссия

Фото: видеодан алынған скрин

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Конституциялық комиссияның V отырысында жаңа Парламентте депутаттар саны қалай реттелгенін айтып берді. 

Депутат Конституцияны абстрактілі ұғымдармен көмкеріп, тым күрделіндіріп жібермеу маңызды екенін атап өтті. Конституция — теория емес. Ол — нақты ережелер жиынтығы. Мемлекет күнделікті соған сүйеніп жұмыс істейді, шешімдер қабылдайды, халықтың әл-ауқаты қамтамасыз етіледі.

− Сондықтан мен сөзімді биліктің жаңа моделінің негізгі элементін құрап отырған тың құбылыс — Құрылтайдан бастауды жөн көріп отырмын. Қазақ халқының тарихында Құрылтайдың орны да, жөні де бөлек. Елдің сөзін ұстаған тұғырлы тұлғалар бас қосып, мемлекет үшін маңызды, тағдыршешті шешімдерді осынау алқалы жиында қабылдаған, − деді Елнұр Бейсенбаев елордада Конституциялық сот ғимаратында.

Комиссия мүшесі жаңа Парламентті құрудың үш аспектісіне тоқталды және Құрылтайдың ықшам әрі ұтымды болатынын айтты. Конституциялық комиссия қосымша бюджеттік шығындарға жол бермеуді барынша ескерген. Бұл — өте маңызды қадам, қоғамға берілген нақты ишара.

− Біз «тек билік үшін көбірек билік қалыптастырудан» бойды аулақ салдық. Егер парламентарийлер санын стандартты еуропалық формулаға сүйеніп, халықтың саны немесе аумақтық қағидат бойынша есептесек, Құрылтайда 500-600 депутат болар еді. Мәселен Еуропада депутаттар саны шамамен әрбір 25 мың адамға бір Парламентарий болуы керек деп есептейді. Ал біздің жағдайымызда «140 мың адамға — бір депутат» формуласы пайдаланылып отыр. Қазақстанның болашақ Құрылтайы еуропалық стандарттармен салыстырғанда 5 есе аз ықшамдалған Парламент болады. Комиссия саналы түрде «мобильді әрі ықшам Парламент» формуласын таңдап отыр, — деді Елнұр Бейсенбаев.

Екінші аспект — процедуралық тығырықтан және биліктің шамадан тыс қат-қабат болуынан бас тарту. Әлемдік тәжірибе үлкен парламент − әрдайым қуатты парламент бола бермейтінін көрсеткен. Көбіне ол заң шығару ісін тежейді.

Мәселен ұзақ уақыт бойы Италия парламенті Еуропадағы ең ауқымды парламенттердің бірі болды (төменгі палатада 630 депутат). Бұл апатты бюрократияға әкеліп, заңдардың қабылдануын бірнеше жылға созған. Нәтижесінде 2020 жылы бұл ел батыл қадам жасап, депутаттардың үштен бір бөлігін (400-ге дейін) қысқартты.

− Ұлыбританияда Қауымдар палатасында 650 адам, ал Лордтар палатасында 800-ден астам мүше бар. Соның салдарынан әлеуметтік маңызы бар заңдар палаталар арасында 20 реттен астам кері қайтарылған. Бұл алып механизмді қалайда жұмыс істету үшін үкімет пікірталасқа шектеу қоюға мәжбүр. Дәл осы себепті Мемлекет басшысы депутаттар санының шамадан тыс көбеюін орынсыз деп атады. Нақты регламенті бар және заңдар үш оқылымда қаралатын бірпалаталы Құрылтай — шексіз мақұлдаулардан, кулуардағы компромистерден және жауапкершіліктің бұлыңғырлануынан саналы түрде бас тарту, − деді Мәжіліс депутаты.

Сонымен бірге, депутат бір палаталы Парламент шешімнің өзі «Ықпалды Парламент» формуласының нығаюын білдіретінін айтуда.

− Ел тарихында алғаш рет, қабылданған әрбір екінші ұлттық заңның бастамашысы − Парламент Мәжілісінің депутаттары болып отыр. Олар заңсыз шығарылған активтерді қайтару, «Ұлттық қор — балаларға», лудоманияға қарсы іс-қимыл, нашақорлықпен күрес, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, Цифрлық кодекс және жасанды интеллект сияқты өмірлік маңызды заңдарды әзірлеген. Әлеуметтану өлшемдері де азаматтардың Парламент институттарына, әсіресе Мәжіліс депутаттарына сенімінің жоғары екенін айқын көрсетіп отыр. Бұл мемлекеттік басқару жүйесінде өкілді биліктің рөлі айқындаушы сипатқа ие болғанын айғақтайды, − деді Елнұр Бейсенбаев.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев Халық кеңесінің құрамы мен өкілеттігі туралы баяндаған еді.