Еуропа триумфаторы Амина Есей: Ел чемпионатында мінсіз үйлесімді көрсеткім келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Амина Есей алғаш рет 3 жасында атқа мінген. 11 жасында өзінің алғашқы тұлпарына отырады. Ал 13-ке қараған шағында алматылық жас шабандоз Еуропа назарын Қазақстанның ат спортына аударды. Өткен жазда оның жарқын жеңістерінің құрметіне еліміздің көк байрағы 6 рет көтерілді. Ал Нидерландтағы соңғы жарыста алтын медаль жеңіп алды.

Фото: ҚР Ат спорты федерациясы

Қарапайым жаттығулардың терең мәні

«Еуропада екі жарым ай болдық, – дейді Амина. – Шілде айының басында, Ақбұлақтағы (Алматы облысы – ред.) жарыстан кейін бірден ұшып кеттік. Бізбен бірге жаттықтырушылар Әсет Тоқымбеков пен Дайана Онаева барды. Сонымен қатар Еуропаның жергілікті мамандарымен, мысалы, Альберт мырзамен де (Альберт Смит – ред.) қосымша жаттықтық. Кестеміз өте тығыз болды: апта сайын турнирлерге қатыстық. Жарыстардың өзіне екі-үш күн жұмсалды. Негізінен жұма, сенбі және жексенбі күндері өтетін».

Еуропадағы оқу-жаттығу жиындары жас шабандоздың жаттығу үдерісіне деген көзқарасын өзгертті. Аминаның айтуынша, ол базалық жаттығулардың маңызын осы шетелде түсінген.

«Еуропадан кейін сырт көзге мағынасыз болып көрінетін қарапайым жаттығулардың не үшін қажет екенін түсіндім. Мысалы, бір орында айналу немесе вольт жасау. Шын мәнінде, олардың астарында бір қарағанда байқала бермейтін терең мән бар. Бұл жаттығулар атқа мінгенде көп көмектеседі. Еуропаға сапарым жаттығуға деген құлшынысымды арттырып, бар күшімді салуға ынталандырды», – дейді спортшы.

Фото: А. Есейдің жеке мұрағатынан

Адреналин, тепе-теңдік және бес тұлпар

Амина үшін спорт түрін таңдау қиын болмаған. Конкур – жылдамдық пен биіктіктен қорықпайтын жандарға арналған спорт.

«Конкурмен айналысуды осы спорт түрі сыйлайтын адреналин үшін бастадым, – дейді Амина. – Бірақ мұнда тек күштің болуы маңызды емес. Өзіңді ұстай білу, тепе-теңдікті сақтау және ең бастысы, атпен тіл табыса білу қажет».

Бүгінде Аминаның командасында мінезі мен ерекшелігі әртүрлі бес тұлпар бар. Жас шабандоз олардың әрқайсысымен тіл табысудың өзіндік жолын тапқан.

Фото: А. Есейдің жеке мұрағатынан

Бордо – Аминаның алғашқы аты. Байсалды мінезді, ганновер тұқымды айғыр. Атақты Baloubet du Rouet тұлпарынан туған. Дене бітімі ірі, мінезі бар. «Ол бірден еркелеп, жуас бола қоятын жылқы емес. Бордомен ұзақ уақыт жұмыс істеу керек. Ол саған үйреніп, жақсы көруі үшін біртіндеп бауыр бастыру қажет», – дейді шабандоз.

Tiësto van d’Abelendreef – Аминаның Еуропадан әкелген алғашқы тұлпары. Мейірімді болғанымен, өте қызуқанды әрі ширақ айғыр. Спорттық әлеуеті де зор. «Менің ең биік арманым – болашақта дәл Тьестомен бірге Олимпиада чемпионы атану», – дейді Амина.

Саб Зиро Блю – төрт жастағы жас сұр айғыр. Ол да Baloubet du Rouet тұлпарының ұлы. Амина онымен әзірге бір-ақ рет жаттыққан, алайда болашағынан үлкен үміт күтеді.

Cherry JVH Z – Еуропадан әкелінген тәжірибелі әрі өте жуас бие. Cigaret тұлпарының қызы, аты аңызға айналған Clinton-ның немересі. «Ол өте мейірімді. Кез келген жағдайда оған сенім артуға болады. Ол маршрутта әрдайым құтқарып, қолдау көрсетеді», – дейді Амина сүйіспеншілікпен.

Юнайтед Спешл Z – команданың ең жас мүшесі. Үш жастағы жирен айғыр, қазіргі таңда өте танымал United Touch тұлпарының ұлы. Қазір Еуропада жүр. Сол жақта еркін өсіп, болашақ спорттық мансабына дайындалып жатыр.

Аминаның сүйікті тұлпарларына күтім жасауда да өз ережелері бар. Ол ат қорасына көбіне алма мен сәбіз алып барады. Дегенмен, бір маңызды ерекшелік бар.

«Егер ат ерттеліп, алаңға шығуға дайын тұрса, оған тек қант беремін. Жылқының аузына жүгеннің темір бөлігі – трензель салынған кезде сәбіз беру қауіпті», – дейді ол.

Мектеп пен ат клубы арасындағы күн тәртібі

Жарқын жеңістердің артында қатаң тәртіп пен орасан еңбек жатыр. Амина жоғары деңгейдегі спортты үздік оқумен қатар алып жүруге болатынын дәлелдеп келеді.

«Сабақты өте жақсы оқуға тырысамын. Барлығына үлгеру үшін таңертең ерте мектепке барып, мұғалімдермен қосымша сабақ оқимын. Кешке бірден ат клубына кетемін. Жолда көлікте келе жатып, үй тапсырмасының бір бөлігін орындаймын. Үйге кешкі сағат 9-10 шамасында ораламын. Содан кейін қайтадан компьютерге отырып, үй тапсырмаларын аяқтаймын, жаңа тақырыптарды оқимын», – дейді Амина күнделікті тәртібі туралы.

Демалыс күндері де спортшы таңертеңнен кешке дейін манежде жүреді. Уақытының бәрі жаттығумен өтпейді. Амина аттарына өзі күтім жасайды, достарымен араласып, бірге серуендеуге де үлгереді.

Ең басты жарыс – ел чемпионаты

Қазір Аминаның артында Қазақстан чемпионатына дайындықпен өткен қарбалас бір жыл тұр. Жарыс алаңына шығар алдында жас чемпион түрлі сезімді бастан кешіреді.

«Бойымда қобалжу да, қуаныш та бар. Қуанышым – осынша уақыт бойы табанды түрде дайындалған турнирге жеткеніме байланысты. Ал қобалжу зор жауапкершіліктен туындайды. Мен өзімнің неге қабілетті екенімді баршаға дәлелдеп, көрсетсем деймін. Жылқылармен дұрыс жұмыс істей алатынымды, сауатты шаба алатынымды және олармен мінсіз үйлесім таба білетінімді көрсеткім келеді», – дейді жас спортшы.

Фото: ҚР Ат спорты федерациясы

Еске салсақ, 20 жылдан кейін Қазақстан Азиадаға қайта оралып, конкурдан ТОП-20 қатарына енген еді.