Еуропа тұрғындарының 93%-ы азық-түлік пен энергия ресурстарының қымбаттауына алаңдаулы

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Еуропалық одақта жүргізілген сауалнамаға қатысушылардың шамамен 93 %-ы азық-түліктің қымбаттап жатқанына алаңдап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еуропа Парламентінің мәліметтері бойынша, ЕО құрамына кіретін әр елдегі 10 респонденттің жетеуі бағаның өсіп жатқанына алаңдаулы. Еуропа Парламентінің «Еуробарометр» әлеуметтану қызметі ұйымдастырған сауалнама 2022 жылғы қазан мен қараша айларында өткен. Сауалнамаға Еуроодақтың 27 елінен 26 мыңнан астам тұрғын қатысқан.

Бағаның өсуіне ең көп алаңдайтын елдер - Грекия (100%), Кипр (99%), Италия мен Португалия (98%). Энергия және азық-түлік бағасының өсуін теріс бағалау барлық әлеуметтік-демографиялық санаттарда, соның ішінде респонденттердің жынысына немесе жасына, сондай-ақ ЕО тұрғындарының білім деңгейіне және әлеуметтік-кәсіби жағдайына қарамастан сезіліп жатыр. Азаматтарды бағадан басқа кедейлік пен әлеуметтік оқшаулану алаңдатып отыр. Бұл - респонденттердің алаңдаушылығының екінші себебі (82%). Одан кейін климаттың өзгеруі (81%).

«Адамдар Еуроодақтан құрлыққа келген дағдарыстардың кешенді салдарын жеңілдету бойынша жұмысты жалғастыруын күтіп отыр. ЕО-ның жоғары қолдауы Еуроодақ бірігу қабілетін көрсеткен кезде, өткен жылдардағы тәжірибеге негізделген», - деді Еуропарламенттің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта азаматтар биліктің әрекетіне көңілі толмайды. Еуропалықтардың үштен бірі ғана үкімет немесе ЕО өмір сүру құнының өсуін шешу үшін қабылдаған шараларды қолдайды. Азаматтардың қаржылық жағдайын талдау экономикалық дағдарыстың салдары барған сайын күшейіп келе жатқанын көрсетіп отыр. ЕО халқының жартысына жуығы (46%) COVID-19 пандемиясының, әлемдегі геосаяси жағдайдың және бағаның өсуіне байланысты олардың өмір сүру деңгейі төмендегенін айтуда.

Фото: BONAVENTURE/AFP