Еуропа Жерге жақын кеңістікті тазартуды қолға алды
АСТАНА. KAZINFORM — Еуропа ғарыш агенттігінің Нөлдік қалдықтар хартиясы 2030 жылға қарай жарамсыз спутниктерді Жерге қайтарып, жоюға немесе зиянсыз етуге шақырды, деп хабарлайды Еuronews.
Жерге жақын кеңістік тарылып жатыр. Оған көптеген жасанды спутниктер ұшырылды.
Оның көбі Жерден мың шақырымдай төмен орбитада қозғалады немесе 30 мың км биіктікте геостационарлық орбитада ілініп тұр.
Бұдан басқа, ғарышта қоқыс көп жиналды. Бұл кеңістікті тұрақты, таза және қауіпсіз ұстау қажеттігі артып келеді.
Еуропа ғарыш агенттігінің Брюссельдегі форумында талқыланған тақырыптардың бірі осы болды.
Кей компаниялар спутниктердің көмегімен ғаламшарымыздың шалғай жерлеріне интернетке қалай қол жеткізетінін айтты.
«Біздің барлық жерсеріктеріміздің белсенді қозғалыс жүйелері болады. Үлкен қақтығыстардың алдын алу үшін оларды маневрлей аламыз. Бұл құрылғыларымыз ұсақ қоқыстардың зақымданбауы үшін арнайы сауытпен қапталған. Спутниктердің ең маңызды элементтері қорғалады», — деді Amazon Kuiper жобасының қатысушысы Джорди Казанова.
Агенттіктің мәліметінше, Жер орбитасында шамамен 12,5 мың спутник бар. Жұмыс мерзімі аяқталғаннан кейін оларды жою, Жерге қайтару немесе залалсыздандыру керек.
«Ғарыштық жарыс қарқын алып келеді. Қазір мысалы, Құрама Штаттар спутниктер мен кемелердің бүкіл түрін пайдаланып жатыр. Жерге жақын кеңістік тек әскерилерге ғана емес, бизнеске де қызмет етуде. Жекеменшік фирмалар ғарышқа өз спутнигін ұшыруға көбірек қызығушылық танытуда», — деді Еуропа ғарыш агенттігінен Гизела Зюсс.
Бірақ ең күрделі мәселе — мұндай аппараттар ғарышта қала отырып, уақыт өте келе жұмысын тоқтатады. 2,7 мыңға жуық спутник осындай жағдайда.
Бұдан бөлек, үлкен жылдамдықпен ұшатын және үлкен зиян келтіруі мүмкін ұсақ бөлшектер мен қоқыстар қауіп төндіреді.
Оның алдын алу және кеңістікті тазарту мақсатында аенттік Нөлдік қалдықтар хартиясын қабылдады.
Хартияның мақсаты — 2030 жылға қарай қараусыз қалған орбиталық аппараттар санын нөлге дейін азайту. Бұл — жоғары талаптары бар, орындалуы тиіс құжат.
Еуропалық ғарыш актісі алдағы айларда Брюссельде таныстырылады.
Бұл ЕО-ның Жерге жақын кеңістікті бейбіт игеруге қатысуын реттейтін бірінші заң болмақ.