Еуропада 7 ұшаққа бомба қойылғаны туралы жалған ақпарат тарады

АСТАНА. KAZINFORM — 3 қарашада Еуропа қалалары арасында қатынайтын 7 жолаушылар ұшағының бортында жарылғыш зат бар екені туралы хабарлама түскен. Алайда барлық ақпараттың жалған екені анықталды, деп хабарлайды Deutsche Welle .

Фото: freepik

Жеті ұшақтың төртеуі Ирландияның Ryanair әуе компаниясына тиесілі болған. Оның екеуі Варшаваға, тағы екеуі Софияға бағыт алған. Қалған ұшақтардың екеуі Римге, біреуі Испанияның Мурсия қаласына ұшып бара жатқан.

Лондоннан Варшаваға бағыт алған Польшаның LOT әуе компаниясының ұшағы Шопен әуежайының орнына жақын маңдағы Варшава-Модлин әуежайына бағытталды. Ұшақ қонғаннан кейін әуежай тексеру жұмыстарына байланысты уақытша жабылды.

Тағы бір ұшақ — Копенгагеннен ұшып шыққан Scandinavian Airlines (SAS) әуе компаниясының лайнері Шопен әуежайына қонды. Тексеру кезінде оның бортынан күдікті заттар табылған жоқ.

Сондай-ақ Дублин мен Милан-Бергамо әуежайынан Софияға бағыт алған Ryanair және Wizz Air ұшақтарына да бомба қойылғаны туралы хабар түскен. Бұдан бөлек, Ryanair компаниясының үш ұшағы тексерілді. Оның бірі Мурсияға, ал Лиссабон мен Дублиннен ұшып келген екеуі Римге қонғаннан кейін тексеруден өтті.

Reuters агенттігі 2 қарашада болған оқиғаны да еске салды. Сол күні Лондоннан Софияға бағыт алған Wizz Air ұшағына бомба қойылғаны туралы хабар түскен. Соның салдарынан лайнер Венгрия әскери ұшағының ілесіп жүруімен Будапешт әуежайына шұғыл қонған. Алайда борттан жарылғыш зат табылмаған.

Osprey Flight Solutions консалтингтік компаниясының талдау бөлімінің жетекшісі Рис Джонстың пікірінше, жалған хабарламаларда нақты бір елдің, әуе компаниясының немесе бағыттың нысанаға алынбауы әуе қатынасын тұтастай бұзуға бағытталған әрекет болуы мүмкін.

Жалған хабарламаларды кімнің таратқаны әзірге белгісіз.

Айта кетейік, Астанаға қатысты жалған бомба хабарының авторы Украинада ұсталды.