Еуропада аптап ыстық: Франция мен Испанияда алғашқы өлім тіркелді

Фото: Pixabay.com

АСТАНА.KAZINFORM — Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, Францияда екі адам аптап ыстықтан әлсіреу салдарынан көз жұмған. Сонымен қатар, Испанияда да алғашқы өлім жағдайлары тіркелді, деп хабарлады Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

2 шілде күні температура шарықтау шегіне жетеді деп күтіледі. 

Франция билігі ел тарихындағы ең ыстық маусымдардың бірі болғанын хабарлады. Météo France ұлттық метеорологиялық қызметінің деректеріне сәйкес, маусым айының орташа температурасы қалыптыдан 3,3°C жоғары болған.

— 2025 жылдың маусымы — 1900 жылдан бері тіркеліп келе жатқан көрсеткіштер бойынша, 2003 жылғы маусымнан кейінгі ең ыстық ай болады, — деді Францияның экология министрі Аньес Панье-Рюнаше сәрсенбі күні таңертең журналистерге.

2 шілде, сәрсенбі күні аптап ыстықтан алғашқы өлім фактілері тіркелді. Францияда екі адамның жоғары температура салдарынан әлсіреп көз жұмғанын экология министрі Аньес Панье-Рюнаше BFM жергілікті телеарнасына растады. Оның айтуынша, өрт сөндірушілер 300-ден астам адамға медициналық көмек көрсеткен.

Испанияда да аптап ыстықтан қайтыс болған алғашқы жағдайлар тіркелді: елдің оңтүстік-шығыс өңірінде екі жасар бала ата-анасы бірнеше сағат бойы көлікте қалдырып кеткеннен кейін көз жұмған. Сонымен қатар, жергілікті өрт сөндірушілер Лерида провинциясында ыстықтан болған өрт салдарынан екі адамның мәйітін тапқан.

Франциядағы биылғы жылдың алғашқы аптап ыстық толқыны туралы толығырақ ақпаратты осы жерден оқи аласыз.