Еуропада ауаның ластануы ЕО және ДДСҰ нормасынан асып кетті

БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Еуропада ауаның ластануы Еуропа одағы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормасынан асып кетті. Бұл туралы Еуропа қоршаған ортаны қорғау агенттігінің баяндамасында айтылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.

«Автокөліктер Еуропаның ауасын ластайтын негізгі фактор. Әсіресе, азот диоксиді мен қатты қосындылар денсаулыққа зиянды», - делінген құжатта.

Ауыл шаруашылығы, энергия өндірушілер, өнеркәсіп және үй шаруашылығынан шығатын заттар да атмосфераны ластайды.

Мамандардың пікірінше, ауа сапасының нашарлауы әсіресе қалаларда тұратын еуропалықтарға кері әсерін тигізіп жатыр. Ауаның ластануы экономикаға да әсер етеді, өмір сүру ұзақтығын қысқартады, медициналық қызмет көрсетуге кететін шығындарды арттырып, өнімділікті төмендетеді.

Құжаттағы деректерге сенсек, қатты бөлшектер деңгейінің артуы 2015 жылы Еуропаның 41 елінде 422 мың адамның мезгілінен бұрын көз жұмуына себеп болған.