Еуропада ең жоғары жалақы қай елдерде
АСТАНА. KAZINFORM — Еуроодақта әлеуметтік аударымдар қызметкер жалақысының үштен біріне дейін жетуі мүмкін, деп хабарлайды Еuronews.
Егер сіз Люксембургте жұмыс істесеңіз, жолыңыз болғаны – бұл елде Еуропа бойынша орташа сағаттық таза жалақы ең жоғары деңгейде. Осы аптада жарияланған Еуростаттың жаңа деректеріне сәйкес, құрлықтың қақ ортасында орналасқан бұл Ұлы герцогтікте орташа таза жалақы сағатына 49,7 еуро.
Екінші орында – Исландия (47,0 еуро), одан кейін Норвегия (45,8 еуро) және Дания (44,7 еуро).
Кестенің төменгі жағында Латвия (12,9 еуро), Румыния (12,9 еуро) және ең төмен көрсеткішке ие Болгария (10,5 еуро) орналасқан.
Қай елдерде таза жалақы жылдам өсіп келеді?
2021–2025 жылдар аралығында Болгарияда таза жалақының ең жоғары өсімі тіркелді – 69,4%.
Польша да жоғары нәтиже көрсетті: осы кезеңде салықтан кейінгі жалақы 66%-ға өсті, одан кейін 61,3% өсіммен Румыния келеді.
Хорватия, Литва және Венгрияда да таза жалақы орта есеппен 50%-дан астамға артқан.
Ал Норвегияда (5,5%), Швецияда (6,1%) және Италияда (10,6%) жалақы өсімі ең баяу болған.
Германия, Франция және Испанияда да жалақы өсімі ЕО бойынша орташа 20% көрсеткіштен төмен болды.
Қай елдерде салық жүктемесі жоғары?
ЕО-да орта және шағын бизнесті ашу мен жүргізу жұмыс берушілер үшін қымбатқа түсуі мүмкін.
Кемінде 10 қызметкері бар кәсіпорындарда бір қызметкердің еңбегі шамамен сағатына 35 еуро тұрады. Еуроаймақта бұл көрсеткіш 38 еуроға дейін жетеді.
Бұл соманың шамамен төрттен бірі жалақыдан тыс шығындарға, яғни әлеуметтік жарналарға тиесілі. Алайда елдер арасында айырмашылық үлкен.
Еуростат мәліметінше, жалақыдан тыс ең жоғары шығын Францияда (32%), Швецияда (32%) және Словакияда (29%) тіркелген. Ал Румыния, Литва және Мальтада бұл көрсеткіш іс жүзінде нөлге тең.
Испания мен Италияда еңбекке салынатын салық ЕО орташа деңгейінен жоғары, ал таза жалақы керісінше төмен.
Қай елдерде жұмыс күшінің жалпы құны ең жоғары?
Жұмыс берушілер ең көп төлейтін ел – Люксембург. Мұнда жалақы мен әлеуметтік аударымдарды қоса есептегенде, бір сағаттық еңбек құны шамамен 57 еуро. Бұл ЕО-дағы ең жоғары көрсеткіш.
Бұл Даниядан шамамен 5 еуроға, ал үшінші орында тұрған Нидерландтан шамамен 10 еуроға жоғары.
Ал рейтингтің төменгі бөлігінде айырмашылық айқын байқалады. Болгарияда жұмыс күшінің құны небәрі 12 еуро болса, Венгрияда 15 еуродан сәл ғана асады.
Еуростат дерегінше, 2024 жылмен салыстырғанда 2025 жылы ЕО бойынша жұмыс күшінің сағаттық құны 4,1%-ға, ал еуроаймақта 3,8%-ға өсті.
Жалпы еңбек шығындары азайған жалғыз ел – Мальта (-0,5%). Ал ең жоғары өсім Болгарияда (+13,1%), Хорватияда (+11,6%) және Словенияда (+9,3%) тіркелді.
Айта кетелік Грекияда ең төменгі жалақы 920 еуроға дейін өсетіні туралы жазған едік.