Еуропада кәрі фермерге өз кәсібін баласына бергені үшін де субсидия бөледі

АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгінде Еуроодаққа мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында көптеген субсидиялар бөлінеді. Бұл туралы журналистермен кездескен Литваның республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рокас Бернотас айтты.

Оның сөзіне қарағанда, кәрі фермерге өз кәсібін баласына бергені үшін де арнайы субсидиялар бөлінеді. «Иә, фермер зейнет жасқа жетсе, оның өз кәсібін баласына немесе жақын туған-туыстарына бергені үшін бюджеттен арнайы субсидиялар бөлінеді. Негізгі мақсат - ауыл шаруашылығына жастарды кеңінен тарту», - дейді Р.Бернотас. Бұдан басқа, құнарсыз жерде орман өсіру кәсібіне де қыруар қаржы беріледі. Осы мақсатта арнайы бағдарлама да қабылданған. Ол фермерлерге субсидия беру арқылы іске асырылады.