Еуропада кезектi Грекия траншы жөнінде келiссөздер қайта басталды

АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Халықаралық кредиторлар үштігі - Еурокомиссия, Еуропалық орталық банк және Халықаралық валюталық қор - кезектi Грекия траншы: сегіз миллиард еуро бойынша келiссөздер қайта басталды, деп хабарлайды Euronews.

Бұдан бұрын Афина бюджет тапшылығын қысқарту бойынша өзінің уәдесін толығымен орындамауы салдарынан келіссөздер тоқтап қалған болатын.

«Мен бүгін басталған Үштікпен келіссөздердің нәтижесін тағатсыздана күтудемін. Қаржыландыру бағдарламасын жалғастыру үшін бізге Еурокомиссия, ХВҚ және Еуропалық орталық банктің соңғы шешімі қажет», - деп мәлімдеді Еуропалық кеңестің төрағасы Герман ван Ромпёй.

Осы орайда Грекияны еуро аймақтан шығаруға шақыру жайы тағы сөз болмақ.

Таяуда грек үкіметі Үштікпен кездесіп, экономиканы құтқару шараларының жаңа пакеті туралы, атап айтқанда, тұрғын үй салығын көбейту жөнінде жариялады.

Афинаға жаңа транш ауадай қажет: егер шетелдік көмек тоқтатылса, Грекия бірнеше аптадан кейін-ақ дефолтқа ұшырауы мүмкін.