Еуропада күн біресе қатты ысып, біресе жауынды болып тұр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Еуропада күн райы төтенше сипатта құбылып тұр. Аптап ыстықтан кейін нөсер жауын жауып, дауыл тұрды. Енді күн қайта ысып, кей жерлерде 40 градустан да жоғары көтеріліп кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат euronews-ке сілтеме жасап.

Солтүстік Италия нөсер жаңбыр мен қатты желден зардап шекті. Ол жақта талдар құлап, үйлер зақымданды. Бірнеше адам жарақаттанды. Жүздеген өрт сөндіруші көмек көрсетуге шықты.

Күн райының тосын құбылысы Шығыс Францияда да тіркелді. Ауа температурасы күрт көтеріліп, аптап ыстық бірнеше күнге созылды. Мұнан соң Дижон, Страсбург пен басқа қалаларда жаңбыр құйып жауды.

Жауын-шашын кейбір жерлердегі ыстықты басса, континенттің басым бөлігінде, мәселен Румынияда ауа температурасы түспей тұр.

Испанияда термометр бағаны 40 градустен жоғары көтерілгендіктен, адамдар таза ауа жұту үшін жағажайларға түнде барып жүр.

Ал, Швейцария ғалымдары мұздықтар өте жылдам еріп жатқанын айтады және бұл кейінгі кезде жыл сайын тіркеліп отыр. Айта кетсек, 2022 жылы мұздықтардың жалпы көлемі 6%-ға азайған.