Аустрияның Альгой Альпілеріндегі Шварцмильцфернер (Schwarzmilzferner) мұздығы 2026 жылғы аптап жаздан кейін ресми түрде мұздық мәртебесінен айырылды. Бірнеше айға созылған ыстық кезеңде оның қалыңдығы төрт метрден астам азайып, көлемінің шамамен жартысы еріп кеткен. Сонымен қатар мұз массасы қозғалысын тоқтатқан. Бұл – мұздықтың негізгі белгілерінің бірі.
Бавария ғылым академиясының гляциологі Кристоф Майер бұл мұздықты 26 жылдан бері бақылап келеді. Ғалымның болжамынша, келесі жаздан кейін Шварцмильцфернер толығымен жойылуы мүмкін. 2022 жылдан бері мұздықтың еруі айтарлықтай жылдамдаған. Ал қыста жауған қалың қар жазғы аптапта жоғалған мұздың орнын толтыра алмайды.
Ғалымның ескертуінше, 2060–2070 жылдарға қарай Шығыс Альпіде мұздықтар толығымен жойылуы мүмкін. Өңірде жыл сайын бірнеше шағын мұздық жоғалып жатыр.
Германияның қалған төрт мұздығына да қауіп төніп тұр. 2025 жылға қарай екі жыл ішінде олардың жалпы аумағы төрттен бірінен астамға қысқарған. Жалпы көлемі шамамен бір миллион текше метр мұз еріп кеткен.
Зерттеушілердің болжамынша, Блауайс пен Вацманн мұздықтары жақын арада мұздық мәртебесінен айырылуы мүмкін. Цугшпитце тауындағы Солтүстік Шнеефернер мұздығына бұл қауіп онжылдықтың соңына қарай төнеді.
Ал ғалымдардың бағалауынша, ең ұзақ сақталуы мүмкін Хёллентальфернер мұздығына да он жылдан аспайтын уақыт қалған.
Айта кетелік Орталық Азияда мұздықтардың еруі мен су тапшылығы күрделі мәселеге айналып отырғаны туралы жазған едік.