Еуропада демалыс күндері ауа температурасы күрт көтеріліп, аптап ыстық болады.
Швейцария мен Францияның метеорологиялық агенттіктерінің хабарлауынша, ыстық ауа райы Испаниядан кейін орталық Еуропаға өтіп, келесі аптаның соңына дейін басылмайды.
Франция, Швейцария, Германияның оңтүстігі және Италияның солтүстігінде осындай ауа райы болады.
Италияда аптап ыстықтың үшінші толқыны
Италия осы жазда аптап ыстықтың үшінші толқынымен бетпе-бет келеді. Метеорологтар сенбі және жексенбі күндері өте жоғары температура болады деп болжап отыр.
Бұл ең алдымен Сахарадан Алжир мен Марокко арқылы жылы ауа массаларының қозғалысына байланысты.
«Ыстық ауа массалары жылу күмбезінің астында қалады, оның қабаттары жерге түседі», - дейді метеорологтар.
Бұдан көбіне ауа температурасы 40°С-қа жететін Италияның солтүстігіндегі жазықтар мен Тиррен теңізінің жағалауы, сондай-ақ ауа температурасы 42°С болатын Сардиния көбірек зардап шегеді.
Метеорологиялық қызметтер Флоренция, Рим, Болонья, Феррара, Больцано, Алессандрия және Терни сияқты қалаларда аптап ыстықтық болатынын айтып, халыққа ескерту жасады.
Болжамдарға сәйкес, ауа райы 27 тамызға дейін осылай болады.
Франция тарихтағы ең қатты ыстыққа дайындалып жатыр
Францияда демалыс күндері жазғы дауыл мен жоғары температураға байланысты ескерту жасалды.
Алдағы бірнеше күнде елдің оңтүстігі түгелдей ыстық ауа күмбезіне айналады деп болжанады.
Бұл Жерорта теңізі жағалауы мен Рона аңғарына көбірек әсер етеді, мұнда температура 40°C жетеді.
Францияның орталық және солтүстігінде де температура көтеріледі. Метеорологтардың айтуынша, Парижде термометр 35°C-қа дейін жетеді.
Француз метеорологиялық агенттіктерінің болжауынша, қатты аптап ыстық келесі аптаның ортасына немесе соңына дейін сақталады. Метеорологтар бұл тарихтағы ең қатты ыстық болуы мүмкін екенін ескертті.
Швейцария мен Германияда ауа райына байланысты ескерту жарияланды
Жұма күні билік бүкіл елге 3-деңгейдегі ыстыққа байланысты (бес балдық шкала бойынша) ескерту жасады.
Женевада температура 36°C-қа дейін көтерілуі мүмкін, аптап ыстық толқындар Юра аңғарлары мен солтүстік-батысты да қамтиды.
Мұндай ауа райы бірнеше күн бойы сақталады деп болжанып отыр.
Германия астанасында апта басында ауа райының қауіпті қызыл деңгейі жарияланды. Демалыс күндері Берлинде ауа температурасы 32°C-қа дейін көтеріледі деп болжанды.
Франкфуртте сенбіден бастап бес күн бойы температура 30 градустан асады, Гамбургте демалыстың бірінші күні 30,5°C-қа жетеді.