Тұрғын үй бағасы Болгарияда 15,5%-ға, Литвада 14,3%-ға, Словакияда 13,6%-ға, Хорватияда 12,7%-ға қымбаттады. Испания мен Румынияда өсім 12,1%-ды, Латвияда 11,4%-ды, Мажарстанда 10,2%-ды құрады.
Тағы үш елде баға өсімі 10%-ға жуықтады. Данияда тұрғын үй 9,4%-ға, Словенияда 9,1%-ға, Чехияда 8,6%-ға қымбаттады.
Еуропалық одақтың ірі экономикалары арасында тұрғын үй бағасы ең көп Испанияда өсті – 12,1%. Италияда өсім 4%-ды құраса, Германияда небәрі 0,6% болды.
Ал Финляндия, Люксембург және Франция Еуропалық одақта тұрғын үй бағасы бір жылда төмендеген жалғыз елдер болды. Бұл елдерде баға тиісінше 2,7%-ға, 2,2%-ға және 0,8%-ға арзандады.
Eurostat мәліметінше, Еуропалық одақта тұрғын үй бағасының орташа өсімі инфляция деңгейінен жоғары болды. 2026 жылдың екінші тоқсанында инфляция 3,2%-ды құрады. Нақты мәнде жылжымайтын мүлік бағасы 1,5%-ға өсті.
Global Property Guide жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Микк Калмет елдер арасындағы айырмашылықты тұрғын үй тапшылығымен, халық табысының өзгеруімен, ипотекалық несие беру шарттарымен және демографиялық факторлармен байланыстырады. Оның айтуынша, сұраныс ұсыныстан едәуір асып түсетін елдерде баға өсімі айқын байқалады.
Атап айтқанда, Португалияда жаңа тұрғын үй құрылысы көлемінің шектеулілігі, шетелдік инвестициялар және Лиссабон, Порту қалалары мен танымал жағалау аудандарындағы жоғары сұраныс бағаға қосымша қысым түсіріп отыр.
Болгарияда бағаның өсуіне халық табысының артуы, жалақының көтерілуі, ипотекалық несиенің салыстырмалы түрде қолжетімді болуы және жылжымайтын мүліктің инвестициялық актив ретіндегі сұранысы ықпал етеді.
Сонымен бірге Еуропа жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаның алдағы өзгерісі әзірге белгісіз. Сарапшылар ипотекалық несиелеу құны мен халықтың сатып алу қабілетіндегі өзгерістер алдағы кезеңде сұранысқа әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, Испанияда халық биліктен қолжетімді баспана талап етіп, көшеге шықты.