Еуропадағы ең қарт ер адам өмірден өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Италияның Авильяно қаласында Еуропадағы ең қарт ер адам саналатын Витантонио Ловалло 112 жасында қайтыс болды. Ол 1914 жылы наурыз айында дүниеге келген, деп хабарлайды BILD .

Фото: BILD

Ловалло ұзақ жылдар бойы фермер болып жұмыс істеген. Ол қой бағып, жүзімдігін күткен. Тіпті 100 жастан асқан шағында да жүзімдігінде жұмыс істеуді жалғастырған.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ловалло майданда әскери қызмет атқарып, 1943-1945 жылдары неміс тұтқынында болған. Оның 4 баласы бар. Ал жұбайы бірнеше жыл бұрын қайтыс болған.

Ловалло қайтыс болғаннан кейін Еуропадағы ең қарт ер адам атағы 111 жастағы португалиялық Жоаким Варелаға өтті. Алайда Еуропадағы ең қарт тұрғындар тізімінде ол 32-орында тұр. Оның алдында 31 әйел бар.

Тізімге сәйкес, Еуропадағы және әлемдегі ең қарт адам — 117 жастағы британдық Этель Катерхэм.

Еске салайық, Жапонияда 100 жастан асқан тұрғындар саны алғаш рет 100 мыңнан асты.