Палестинаны азат ету халықтық фронтының бұрынғы мүшесі Абдалла 1982 жылы АҚШ әскери атташесі Чарльз Роберт Рэй мен израильдік дипломат Яков Барсимантовты өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған болатын.
Абдалла 1999 жылдан бері, яғни шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығына ие болғалы 11 рет шағым түсірген. Сот шешімі бойынша 73 жастағы белсенді 6 желтоқсанда Франциядан шығып, шартты түрде босатылады. Алайда прокурорлар бұл шешімге шағым түсіріп, оның босатылуын кейінге шегеруі мүмкін.
Абдалла 1978 жылы Израильдің Ливанға басып кіруі кезінде жараланған соң марксистік ПФЛП қатарына қосылды. 1979 жылы ол Франциядағы Action Directe, Италиядағы Қызыл бригадалар және Германиядағы Қызыл Армия фракциясы сияқты радикалды солшыл топтармен ынтымақтасатын өзінің жеке Ливан революциялық қарулы фракцияларын (LRAF) құрды.
1987 жылы Абдалланың сотынан кейін дау туды. АҚШ Абдалланың босатылуына бірнеше рет қарсылық білдірсе, Ливан босатуды талап еткен. Оны шартты түрде мерзімінен бұрын босату 2013 жылы мақұлданды, бірақ сол кездегі Францияның ішкі істер министрі АҚШ-тың қысымымен талапты орындаудан бас тартқан.
– Джордж Ибрахим Абдалланың босатылуын көптеген солшыл белсенді мен құқық қорғау ұйымдары қолдайды. Ол әлі күнге дейін белсенді және Таяу Шығыстағы оқиғаларға терең қызығушылық танытады, - деді Абдалланың адвокаты.
Соттың оны босату туралы шешімі «заңды және саяси жеңіс» деп аталды. Бірақ апелляциялық шағым бұл шешімге тоқсауыл болуы да мүмкін.