Қала полициясының мәліметінше, оқиға бейсенбі күні түске таман мұнай өңдеу зауыты мен Gunvor Energy компаниясының отын терминалы орналасқан өнеркәсіптік аймақта болған. Төтенше жағдайдың мән-жайы мен себебін анықтау үшін аумақ қоршауға алынды.
Нидерландтың NOS телерадиокомпаниясының хабарлауынша, оқиға кезінде бұл аумақта құбыр жөндеу жұмыстары жүргізіліп, техникалық қызмет көрсету бригадасы жұмыс істеген.
Роттердамның төтенше жағдайлар қызметі портта электр қуаты өшкенін хабарлады. Сондай-ақ әзірге белгісіз себеппен трансформатор өртенген.
Оқиғадан кейін жергілікті бірқатар кәсіпорын жұмысын тоқтатып, қызметкерлерін эвакуациялады. Бірнеше сағаттан кейін порттың өнеркәсіптік аймағына электр энергиясын беру біртіндеп қалпына келтіріле бастады.
Полиция әзірге диверсия белгілері анықталмағанын, дегенмен оқиғаның барлық ықтимал нұсқасы қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
Бұл ауданда бірқатар мұнай-газ компаниясының кеңселері орналасқан. Өрт сөндіру бөлімдері дайындық режимінде қалды.
Әзірге порттағы электр қуатының өшуі мен жарылыстың бір-бірімен байланысты екені анықталған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Италиядағы оқ-дәрі зауытында жарылыс болып, адамдар эвакуацияланғанын жаздық.