Financial Times басылымының бағалауынша, Франция, Испания, Португалия, Грекия және Румыниядағы орман өрттері мен аптап ыстықтың салдарынан келген шығын кемінде 3,1 млрд еуро болды. Бұл Еуропалық комиссия бүкіл ЕО бойынша жыл сайынғы орташа шығын ретінде бағалайтын 2,5 млрд еуродан айтарлықтай жоғары.
Financial Times есептеулерінде Еуропалық комиссия қолданатын әдістемеге сүйенген. Бағалау өртенген аумақтарды қалпына келтіруге кететін шығындарға негізделген. Оның ішінде жаңа ағаш отырғызу, оларды күтіп-баптау шығындары қамтылған. Бір гектарды қалпына келтіру құны әр елде өсімдік жамылғысы мен орманның жасына байланысты өзгереді.
Нақты шығын әлі де өсіп жатыр
Өрт маусымы басталғалы Еуропаның осы бес елінде шамамен 500 мың гектар аумақ жанып кеткен.
Сарапшылардың пікірінше, түпкілікті экономикалық шығын бұдан да жоғары болады. Сақтандыру компаниялары, кәсіпорындар мен жекеменшік иелері жойылған мүлік, жоғалған өнім және туризм саласындағы табыстың азаюынан келген залалды әлі де есептеп жатыр. Сонымен қатар Financial Times бағалауына Грекиядағы соңғы өрттердің салдары толық енгізілмеген әрі ЕО-ның басқа елдеріндегі шығындар есепке алынбаған.
Қуаңшылық экономикалық тәуекелді күшейтіп отыр
Басылым сондай-ақ қуаңшылық пен Еуропадағы ірі өзендердің тайыздануының салдарына назар аударған. Рейн мен Дунайдағы су деңгейінің төмендеуі жүк тасымалына кедергі келтіріп, өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысына әсер етіп отыр.
Атап айтқанда, Рейн бойында Германияның BASF, Covestro және Evonik сияқты ірі химия компанияларының зауыттары орналасқан. Ал Дунайдағы су деңгейінің рекордтық төмендеуі Мажарстандағы электр энергияның жартысына жуығын өндіретін жалғыз «Пакш» атом электр станциясының жұмысына қауіп төндіріп отыр. Румыния да өз кезегінде «Чернаводэ» АЭС-інің екі энергоблогының бірін уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Екі станция да реакторларды салқындату үшін өзен суын пайдаланады.
Өрттен Францияның Жиронда департаменті де қатты зардап шекті. Бұл өңір қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібінің маңызды орталығы саналады. Өрт салдарынан авиақозғалтқыш өндіруші Safran, ұшақ жасаушы Dassault Aviation және зымыран құрастырушы ArianeGroup өндірісті уақытша тоқтатып, қызметкерлерін эвакуациялады. Жиронда сауда-өнеркәсіп палатасының мәліметінше, тілсіз жау кемінде 40 мың кәсіпорынға әсер етіп, оның 19,5 мыңы жұмысын уақытша тоқтатқан.
Мамыр айынан бері Еуропада бірнеше рет аптап ыстық толқыны тіркеліп, бірқатар елде ауқымды орман өрттері жалғасып жатыр. Франция мен Испанияда бақылаудан шыққан өрттердің салдарынан жүздеген мың тұрғын эвакуацияланды. Ал Германияда Рейнді қоса алғанда, өзендердегі су деңгейі рекордтық төмен көрсеткішке жетті.
Айта кетейік, Грекиядағы орман өрттерінен 12 мың гектар жер өртеніп, үш өрт сөндіруші қаза тапты.