Еуропадағы өрттер Кипр аумағындай жерді жойды

Фото: Eduardo Palomo/EPA

АСТАНА. KAZINFORM — Еуропалық Одақ елдерінде орман өрттерінің ауданы 2006 жылдан бері есепке алынған кезең ішінде алғаш рет 1 миллион гектардан асты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Politico басылымына сілтеме жасап.

Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап орман өрттері 1 016 000 гектар орманды жойған. Бұл — Кипр аралының аумағынан артық немесе Бельгия аумағының үштен бір бөлігіне тең.

Бұған дейінгі антирекорд 2017 жылы тіркелген болатын, ол кезде Еуропада шамамен 988 мың гектар орман өртенген.

Еуропалық Одақтың Орман өрттері жөніндегі ақпараттық жүйесінің (EFFIS) деректеріне сәйкес, жалпы шығынның үштен екісі 5 тамыздан кейінгі кезеңге тиесілі, бұл кезде 380 мың гектардан астам аумақ жанып кеткен.

Ең көп өрт Пиреней түбегінде тіркелген.

Осыған дейін Испаниядағы орман өрті ауыл шаруашылығына 600 млн еуро шығын келтіргенін жаздық.