Еуропадағы ірі тау шаңғы курорты аптап ыстыққа байланысты жабылды

АСТАНА. KAZINFORM — Италия Альпісіндегі Стельвио мұздығындағы жазғы тау-шаңғы маусымы ұзаққа созылған аптап ыстыққа байланысты мерзімінен бұрын аяқталды, деп хабарлайды BILD.

Фото: BILD

Әдетте курорт мамырдан қарашаға дейін жұмыс істейтін. Алайда жоғары температура мен дауылдар шаңғы жолдарының сапасын сақтауға және шаңғы тебушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік бермеді. 

Курорт басшылығы бұл шешімді «ауыр, бірақ қажетті қадам» деп сипаттады. Олар басты мәселе ретінде түнгі уақыттағы жоғары температураны атап өтіп, қар қабатының қайта қатып үлгермейтінін алға тартты.

Аймақта жиі болатын найзағай мен дауылдар жағдайды одан әрі қиындатқан. 

Тамыз айының ортасында Италия Альпісінің биік таулы аймақтарында ерекше жоғары температура тіркелгені хабарланды. Теңіз деңгейінен 2000 метрден астам биіктікте орналасқан Форни мұздығында ауа температурасы Цельсий бойынша 17 градусқа дейін көтерілсе, шамамен 3000 метр биіктіктегі Пассо-Маринелли асуында температура 9 градусқа жетті. 

Бұған дейін Швейцарияның Церматт және Саас-Фи курорттары аптап ыстыққа байланысты шаңғымен сырғанау жұмыстарын тоқтатқан болатын. Ұқсас жағдай Стелвиода 2022 жылдың жаз айында болды. Дегенмен бұл демалыс аймақтары шамамен екі айдан кейін қайта ашылды. 

Гидролог Роберто Динале қазіргі жағдайда курорттың жұмысын сақтау қиын болатынын айтты.

Айта кетейік, Риддердегі тау шаңғы курорты кеңейтілетін болды.