Еуропадағы ең танымал көліктер рейтингі жасалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Маусым айының қорытындысы бойынша Еуропадағы жеңіл автокөліктердің ең танымал үлгілерінің рейтингі жарияланды. Көш бастап тұрғандары - неміс, француз және америкалық маркалы автомобильдер.

CarFactum хабарлағандай, маусымда Volkswagen Golf көлігі ең көп сатылған.

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, сату 7,5 пайызға ұлғайып, 43 960 бірлікті құраған. Сату көлемі бойынша екінші орынды Renault Clio алып отыр. Бұл үлгідегі 34 606 көлік сатылған (2013 жылмен салыстырғанда 12,3 пайызға артық). «Көшбасшылар үштігіне» Ford Fiesta кіреді, оны 27 523 адам сатып алған.

Сондай-ақ маусымдағы ең танымал ТОП-10 еуропалық модельдердің ішінде Opel Corsa (Ұлыбританиядағы - Vauxhall Corsa) бар, оны 26 935 адам сатып алса, Volkswagen Polo машинасының 22 531 данасы сатылған. Сонымен қатар олардың қатарында Ford Focus (21 712 дана), Renault Captur (20 893 дана, +116%), Peugeot 208 (19 373 дана), Nissan Qashqai (19 271 дана) және Opel/Vauxhall Astra (19 063 дана) көліктері бар.

Бірден-бір жаңа көлік - Renault Captur бір жыл бұрын сатыла бастаса да, еуропалықтар оны енді ғана бағалай бастады. Сарапшылар атап өткендей, Captur үлгісі SUV бірінші жинақы үлгі болып табылады, ол еуропалық бестселлердің «ондығына» енеді. Жалпы алғанда, бұл рейтинг еуропалықтардың бұрынғыдай жинақы модельдерге артықшылық беретінін көрсетті.

Қазіргі уақытта кроссоверлерді ұнататындар негізінен орташа деңгейдегі көліктерді таңдайды (Nissan Qashqai - көш бастап тұрғандардың бірі), алайда бірқатар жинақы үлгілердің пайда болуына байланысты оларға да көп назар аударылуда.