***
«Қазақстан Респубилкасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Индонезия Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Мақсат - Оңтүстік-Шығыс Азияда өзіндік орны бар елмен ынтымақтастық қарым-қатынастарын дамыта түсуге нық қадам жасау», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Шалғай елмен де жақындасуға болады» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның баян етуінше, кеше түс ауа Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Индонезия Президенті Сусило Бамбанг Юдойономен кездесіп, келіссөз жүргізді. Онда басты назар Қазақстан мен Индонезия арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынастарды түрлі сала бойынша сапалық жаңа деңгейге көтеру мәселелеріне аударылды.
Қазақ елінің тәуелсіздігі танылған шақта дипломатиялық қатынас орнатуға пейіл танытқан елдің бірі - Бельгия Корольдігі болды. Осы жылдар ішінде екі мемлекет арасындағы қатынастар ырғағынан жаңылмай жылдан-жылға өсу үстінде. Осы орайда «Егемен Қазақстан» газеті ғаламтор мүмкіндігін пайдаланып, Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігі мен Ұлы Люксембург Герцогтығындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, Қазақстанның Еуропалық Одақ пен НАТО жанындағы миссиясының басшысы Ерік Өтембаевты сұхбатқа тартқан. Сұхбат басылымның сенбілік санында «Кемелділікке жеткен қатынастар» деген тақырыппен берілген.
Газеттің "Парламент" атты тұақты айдарын да оқырмандар осы саннан табады. Сонымен қатар газет шағын қалалардың тыныс-тіршілігі жайлы бүгін "Толғандырар тақырып" айдарымен "Балқаш қатардан қалғысы келмейді" деген көлемді мақала жариялап, кенді-қаланың қордалы мәселелрі туралы тарқата баяндаған.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында «Гүлдер» ансамблінің директоры Жеңіс Сейдоллаұлымен арадағы сұхбат «Қазақтың ұлттық музыкасына өз мәртебесін қайтаруға тиіспіз» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Қазақ қазақты сыйлай білсін дегенім келеді. Мейлі, ол қойшы болсын, мейлі, ол автобус жүргізушісі болсын, оған жоғарыдан менсінбей қарамай, қазағым деп жақсы көріп, олардың аман-сау жүргеніне қуануымыз керек. Бірінші өзімізді сыйлайық, сонда ғана өзгелерге өзімізді сыйлата аламыз», - дейді ол.
***
Еліміздің мәдени мұрасын зерттеу мақсатында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасы бойынша Еуропаның бірқатар елдерін аралап қайтқан көрнекті әдебиетші һәм түркітанушы ғалым Аманқос Мектептегі осы сапарында алшын, жалайыр, найман және үйсін руларының бұрын-соңды кездеспеген шежіресін тауып қайтыпты. Бұл сүйінші хабарды «Айқын» газеті жариялап отыр. Шағын ақпарат «Еуропадан қазақтың шежіресі табылды» деген тақырыппен берілген.
«Қазақстандағы ірі ұлттық әуе тасымалдаушылардың бірі - «Эйр Астана» әуе компаниясы 9 сәуірден бастап өзінің авиапаркінен Fokker 50 турбовинттік ұшақтарды кезең-кезеңімен пайдаланудан шығару процесін бастады», - деп жазады «Айқын» газеті. Басылымның атап өтуінше, қазірдің өзінде әуе компаниясы осы типтегі 6 ұшағының бірін пайдаланудан алып тастаған.
***
«Грек-рим, еркін және әйелдер күресінен олимпиадалық іріктеу турнирлері аяқталады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Азия елдері үшін соңғы іріктеу турнирі Қытайдың Тайюан қаласында 27 сәуір күні басталмақ. Әрине, қазақ елінің балуандары бұл күрес түрлерінен бірнеше салмақ санатында лицензияға ие болған еді. Ендігі үміт лицензия алынбаған салмақ санатында белдесетін спортшыларымызда.
***
«Экспресс-К» газетінің жазуынша, кеше, Минералды судан Ташкентке бағыт алған ұшақ Ақтау қаласының халықаралық әуежайына амалсыздан қонған. Оған ұшақтағы Өзбекстан азаматшасының толғағы тосыннан келуі себеп болған екен. Толығырақ «Залетевшая с небес» деген тақырыптағы мақаладан біле аласыздар.